Елімізде несиені ретсіз алып, төлей алмайтындар қатары азаяды

Almaty TV
Almaty TV

Жаңа қаулы бекітілсе,1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді жұбайыңыздың келісімінсіз банктен несие ала алмауыңыз мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаларға қаржы ұйымдары қарыз бен шағын несие беру кезінде әйелінің келісімін талап ететін шарттарды нақтылайтын қаулы жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.

Ол 24 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болмақ. Қаулыға сәйкес, тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1 000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3 миллион 692 мың теңге мөлшерінде бекітіледі. Ал жұбайының келісімін қағаз жүзінде немесе электронды форматта рәсімдеуге болады.

- Электронды түрде берген кезде кредиторлардың мобильдік қосымшасы немесе Егов мобайл мобильді қосымшасынде рәсімдеуге мүмкіндік болады. Электронды тапсырыс беретін кезде міндетті түрде биометриялық идентификациядан өтеді. Және соңында электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қою қажет болады, - дейді ҚР Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті бөлімінің басшысы Бэлла Чиканова.

Электронды түрде рәсімделетін келісімге клиенттің жұбайы 48 сағаттың ішінде қол қоюы қажет. Онда несие алушы жұп туралы мәліметтер көрсетіліп, кредиттің сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі сынды ақпарат жазылады. Ал экономистер мұндай жобаның әзірленгені дұрыс шешім болды дейді. Маманның айтуынша, борышкердің көп болуы ел экономикасына да теріс ықпал етеді.

- Қазір елімізде 8,4 миллион азаматтың борышы бар. Қарызын мерзімінде өтей алмай жүрген азаматтардың да саны аз емес. Қазақстан үшін бұл сан өте көп. Сондай-ақ қазір онлайн несие алатын алаяқтар жоқ емес. Осы шешім арқылы солардың да ісіне тұсау салуға болады, - дейді экономика ғылымдарының докторы Әкімжан Арупов.

Экономист Бекнұр Қисықов та жаңа жобаны қолдап отыр. Сарапшының пікірінше, микрокредитті құмар ойын үшін де алатындар көбейіп кеткен. Займның зардабын осылайша тоқтату қажет дейді.

- Займ алып жатса, сол займды, несиені екеуі төлейді. Бұл қарыз бүкіл отбасына ілінеді. Сондықтан осындай рұқсат алған өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені қазір микрозайм дейді, микрокредит дейді, сондай ұйымдар бізде көп болып кетті, - дейді экономист Бекнұр Қисықов.

Айта кетейік, елде 1,5 млн астам азаматтың несиесін уақытылы төлеуге шамасы жетпей жүр. Енді қаулы бекітілсе, 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілмек. Сәйкесінше, республикадағы борышкерлер саны да азаяды деген үміт жоқ емес.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлттық банк базалық ставканы 14,25% дейін төмендетті

Новости партнеров