Президент тапсырмасы бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды

14.03.2021 в 00:38

Алдын ала мәліметтер бойынша 4 адам қаза тауып, 2 адам Алматы қаласының №4 қалалық ауруханасына жеткізілді

Ақорда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңында болған ұшақ апатының әуе апатының себептерін анықтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Бұл туралы Президент өзінің Twitter-дегі парақшасында мәлімдеді.

«Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек», – деп жазды ҚР Президенті.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы маңында ұшақ құлап, 4 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 4 адам қаза тауып, 2 адам Алматы қаласының №4 қалалық ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында Алматы қаласы ТЖД, Алматы облысы ТЖД, әуежай қызметі, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, 109 құтқару қызметінен 45 адам, 15 бірлік техника жұмыс істеді. Ұшақтың жануы сағат 18.02-де тоқтатылды»,– делінген хабарламада.