«Соңғы 20 жылда болмаған жағдай». Селден кейін Алматының тау басына баратын жолды тас басып қалды. Қазселденқорғау мекемесінің өкілдері қазір тиісті шаралар қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар жолды ашып қана қоймай, арнасынан асып тасыған өзенді қалыпқа келтіру жұмыстарын да жүргізеді.
– Күннің қатты ысуына байланысты таудағы мұздықтар еріп жатыр. Соған байланысты өзен арналары деңгейінен көтеріліп жатыр. Лай болады, өйткені жан-жағындағы топырағын шаяды. Жағдай бүгінде бірқалыпты. Судың лайлылығы 2-3 күнде 0 баллға дейін түседі деп ойлаймыз, – деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы филиалының басшысы Самат Дәуленқанов.
Айта кетейік, өткен жұмада жауыннан кейін тауда сел жүріп, салдарынан жүргіншілер көпірі қирап, су тарту жүйесі істен шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары сол кезде мұздықтардың еруіне байланысты ауыз судың уақытша ішуге жарамсыз екенін хабарлаған еді.