Соңғы тәулікте 26 мыңнан аса ресейлік коронавирус жұқтырған. Соның салдарынан дәрігерлер тіпті ауруханада төсек-орын жетпей қала ма деп дабыл қағуда. Ал пациенттердің өздері кезінде екпе алмағандарына өкініп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір түнде 900-ге жуық науқас коронавирустан көз жұмған. Бұл Ресейде пандемия басталғалы болған ең жоғарғы рекордтық көрсеткіш. Өкініштісі сол, тепсе темір үзетін жастар індеттің кесірінен қыршын кетіп, өлім-жітім 60 пайызға өскен. Осыған байланысты, Ресейдің кейбір өңірі локдаун жариялауға шақ тұр. Томск қаласынан байланысқа шыққан әріптесіміз Роман Нощенко елдегі жағдай туралы баяндап берген еді.
«Ресейде соңғы 7 тәулікте жағдай қиындап кетті. Науқастар саны көбейіп барады. Тек Томск қаласында тәулігіне 100 жағдай тіркелді. Әзірге мұнда стационарларда орын бар. Бірақ мамандар бізде де ауруханада орын тапшылығы болуы мүмкін екенін айтуда. Себебі, вакцина алып жатқандар аз. Сондай-ақ, бүгін – Ұстаздар мерекесі. Білім мекемелерінде барлық іс-шара онлайн өтіп жатыр. Ал студенттер қашықтан оқуға жіберілді. Осылайша, бізде карантин 1 желтоқсанға дейін ұзартылды», – деді журналист Роман Нощенко.
Ауру адам таңдамайды. АҚШ-та коронавирус балалар арасында күрт көбейген. Ауруханалар жасанды желдету аппаратына қосылған балаларға лық толы. Бұған себеп – карантин шараларының жеңілдетілуі. Яғни, мектептерде оқушылардан бетперде тағуды ешкім талап ете алмайды. Бұған ата-аналар наразы. Ал өз денсаулығына алаңдаған ұстаздар жаппай жұмыстан шыға бастаған. Сондықтан бірнеше штатта мұғалімдер тапшы болып отыр.
Ал еліміздегі эпидахуал әзірге тұрақты. Өткен тәулікте коронавирусты 1 624 адам жұқтырса, оның 700-ден астамы ауыр халде жатыр. Осыдан бір ай бұрынғы статистика бойынша күніне 5 мыңдай адам жұқтыратын. Яғни, вирустың таралуы 3 есе төмендеген. Дегенмен, коронавирус салдарынан өлім саны азаймай тұр. Соңғы тәулікте індеттің ілмегіне ілінген 39 отандасымыз көз жұмды. Бұл коронавирустың ешкімді аямайтынын білдірес керек, сондықтан босаңсуға әлі ерте. Іргелес Ресейдегі жағдай бізді де айналып өтпесіне кім кепіл?
Сондай-ақ, қазір елорда мен Алматы қаласы және Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл» аймақта тұр. «Жасыл» аймақта 4 облыс, қалған өңірлер «сары аймақта» тұр. Ал вакцина алғандар ішінде алматылықтар көш бастап тұр. 880 мыңнан аса тұрғын екпенің екі компонентін де салдырған. Егу қарқыны ең төмен аймақ әлі де Маңғыстау облысы болып тұр.
Америкалық ғалымдар вакцинаның коронавирустан өлім жағдайын 11 есе төмендететінін дәлелдеп отыр. Ол үшін 600 мың адамға зерттеу жасалған. Нәтижесінде, екпе алмағандықтан вирус жұқтырғандардың саны 10 есеге көп шыққан.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы