Алматыда 11 бала бассейн суындағы хлордың буына уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балалар спорт-сауықтыру кешенінде синхронды жүзу сабағы кезінде түшкіріп, жөтеліп, әлсіздене бастаған. 12 мен 14 жас аралығындағы жеткіншектер бірден ауруханаға жөнелтілген. Қазір олар Балалар шұғыл көмек көрсету орталығының токсикология бөлімінде ем-дом алып жатыр. Бәрінің жағдайы тұрақты, шамамен 2 тәуліктен соң үйлеріне шығарылады дейді дәрігерлер.
«Балалар таңғы сағат 10:30-да келіп түсті. Жедел жәрдем бригадасымен келгенде балалардың жағдайы орташа ауырлықта болды. Дәрігерлердің қарауынан кейін хлормен жедел улану диагнозы қойылды. Балаларға жедел түрде медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда олардың жағдайы бірқалыпты орташа ауыр деп бағаланып отыр», – деді Балалар шұғыл көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова.
Полиция Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. Ал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық департамент мамандары балалардың улану себептерін анықтап жатыр. Белгілі болғандай, кешенде бір апта бұрын ғана жаңа хлорлау аппараты орнатылған. Жаппай улану дәл осы құрылғының істен шығуынан болды дейді департамент қызметкерлері.
«Оқиғаға байланысты судан сынамалар алдық. Қазір лабораториялық зерттеу жүріп жатыр. Соның нәтижесіне қарай шара қабылдаймыз. Кешен басшылығының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тиісінше, олар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін», – деді қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.