Алматыда карантин режимін бұзған 80-нен аса көлік жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, блок-бекеттерден заңсыз өтпек болған 100-ден аса адамның жолы кесілді. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал біразына айыппұл төлеуге тура келген.
Бұл көлік ағыны ешқашан сарқылмайтын қаладағы әл-Фараби даңғылы. Бүгінде темір тұлпар саны анағұрлым азайып, көшелер босап қалғаны байқалады. Десе де үйде отырмай тірлігімен жолға шыққандар бар. Оларды мобильді топ тексеріп жаппай жатыр.
«Жүргізушілердің бәрін тоқтатып, әрқайсысында қандай құжаттар бар. Не үшін, қайда бара жатқанын бәрін тексеріп, кеше және бүгін екі күн болды. Тексеріп, бүгін фото және бейнекамералардың арқылы көріп жатырмыз. Көліктер кешегі таңға қарағанда көбінесе азайыпты. Сондықтан біздің халық түсініп, осы жағдайға қарап жатқанын сезіп жатырмыз. 476-бап бойынша әкімшілік кодекс бойынша бірінші біз ескертуіміз керек. Оны ескермесе азаматтар, жаңағы айыппұл саламыз. Немесе қамауға аламыз. 15 тәулікке дейін», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.
Алматылықтар карантин кезінде ережелерді қатаң ұстанатындарын айтады. Сөздерінше, бұл өздерінің қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Сондықтан күні-түні аяқтарынан тік тұрып, тыныштықты қорып жүрген тәртіп сақшыларын тыңдауға үндеді.
БЛИЦ:
– Правильно. Жесткие меры должны быть для предосторожности нашей республики.
– Үйде отырамыз. Қазір жұмысқа кетіп жатырмыз. Таңертең жұмысқа барамыз, сосын қайтып келеміз. Көп болса бір сағат.
– Жұмыстан үйіме кетіп бара жатырмын. Міне, анықтамам.
Карантин жарияланған Алматыда қажеттілік болмаса, қалада адамдар мен жеке көліктің жүруіне тыйым салынды. Ал жолға шыққандар болса, қолдарында жеке басын растайтын құжат пен жұмыстан анықтама болуы тиіс. Азық-түлік және дәрі-дәрмектер алу үшін үйдің қасындағы дүкен мен дәріханаға баруға болады.
«Ең басты көңіл бөлетініміз – дәрігерлер. Содан кейін мемлекеттік қызметкерлер. Өрт сөндірушілерді де бірінші өткіземіз. Одан басқа біз сияқты күнделікті жұмыста күні-түні отырған құқық саласының мамандары бар. Ұлттық қауіпсіздік, прокуратура қызметкерлері болса, сот саласының қызметкерлері де өткіземіз», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.
Полицейлер халыққа бас салып айыппұл салуды мақсат етпейді. Бастысы – ортақ ережелерге бағынуларын сұрайды.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы