Қоғамдық көліктердің соқтығысуы: тасымалдау компаниясы жауап берді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізуші қазір ауруханада жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда екі қоғамдық көлік соқтығысып, соның салдарынан 13 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         


Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан терезелердің сынғанын, автобустың алды майысқанын байқауға болады. Одан бөлек, жерде қан тамшылары да жатыр. Жол апатынан зардап шеккен Маргарита Леденцованың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілері жарысып, ережені сақтамаған.

«Менің аяғым жарақаттанды, ернім жыртылды, мұрным да ауырып тұр. Барлық көлік жүргізушісі ережені сақтаса деген өтініш айтар едім. Сонда мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді», – дейді зардап шегуші Маргарита Леденцова.

Жол-көлік оқиғасы дәл осы аялдамада болған. Бір-бірімен жарысқан автбустардың бірі екіншісінің жолын кесіп өтпек болған. Соның салдарынан осындай келеңсіз жағдай болып отыр. Ал қазір оқиға орнында жол-көлік апатының ізі ретінде сынған әйнектерді көруге болады.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген куәгердің айтуынша, оқиға орнына 8 жедел жәрдем көлігі және онға жуық полиция жеткен. «Зардап шеккендерді терезеден шығарғанын өз көзіммен көрдім» дейді.

«Бір қыз ішінде, артқы орындықта отырған. Ұстайтын ештеңе болмаған соң алдыңғы жаққа, дәл алдыңғы терезеге қарай ұшып кеткен. Ол қызды терезені шағып ішке кіріп, әрең шығарып алды. Сөйтті де жедел жәрдем көлігімен алып кетті. Сосын маған бір кісі келді. Ол кісінің мұрны сынып кеткен екен», – дейді куәгер. 

Ал тасымалдау компаниясының қызметкерлері кінәсін мойындап отыр. Және зардап шеккендердің емделу ақысын өтеуге дайын. Автобус жүргізушісі жауапты әрі тәжірибесі мол екенін айтып, жол апатына көктайғақ себеп болғанын алға тартты.

«Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңына сәйкес, әр автобустың транспортқа және жолаушыларға арналған сақтандыру полюсі бар. Зардап шеккендер біздің автобус паркіне келсе, сақтандыру компаниясының нөмірін, атауын беремін. Сонда барып өтініш жазған соң, ем-домға қажетті төлемді толығымен өтеп береді. Бәрі заңға сай болады», – деді «Думантранс» автобус паркінің жол қозғалысы қауіпсіздігі инженері Нұрлан Аршабеков.

Жол-көлік апаты салдарынан 13 адам зардап шекті. Олардың жартысы Алматы облыстық көпсалалы-клиникалық ауруханасына жеткізілді. Қалғандары қалалағы №4 және №5 емханаларға жөнелтілді.

«Жол апатынан кейін бізге шамамен 8 науқас түсті. Барлық науқасты дәрігерлер қарады. Бәрінің жалпы жағдайы жақсы. Көбінің диагнозы – жабық бас-ми жарақаты және жұмсақ тіннің соғылуы», – деді Алматы облыстық көпсалалы-клиникалық ауруханасының травмотолог-ортопед дәрігері Бекзат Бейсенов.

Қалалық полиция департаменті жағдайды бақылауға аламыз уәде етіп отыр. Қазіргі таңда тергеу шаралары басталып кеткен.

«Қазіргі таңда жолаушылардың арасында онға жуық азамат медициналық көмекке жүгінді. Олардың дене жарақаттарының ауырлық деңгейін анықтау үшін арнайы сараптама тағайындалады. Қазіргі таңда осы істі Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өз өндірісіне алды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.  

Айта кетейік, жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізуші қазір ауруханада жатыр. Тасымалдаушы компания басшылығының айтуынша, ер адам 2 қабырғасын зақымдап, амбулаториялық ем қабылдауда.

Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы
Новости партнеров