Алматыда кәріз құбырына түсіп уланған «Алматы су» қызметкерлерінің жағдайы қалай

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы қалалық № 7 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары мәлімдеде жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кәріз құбырына түскен қос азаматтың бірінің жағдайы жақсарып келеді. Бұл туралы қалалық № 7 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, 25 жастағы Нұржан Қалыбай өкпенің жасанды желдеткіш апаратынан ажыратылып, өздігінен демалып жатыр. Ал, екіншісінің жағдайы әлі де болса ауыр деп бағаланып отыр.

Оқыс оқиға кеше Наурызбай ауданындағы дәл осы Сәбденов көшесінде сағат 12.00-13.00 шамасында орын алған. Зардап шеккен қос азаматқа бірінші болып көмек көрсеткен Аманжол Жансейтов дүкеннен шыға сала бірден құдыққа түскен.

Ақын Аманжол Жансейтов мереке күні қос ұлын қыдыртып, үйге қайтып келе жатқан. Бәрі қасқағым сәтте орын алды дейді. Өмір мен өлім арасында ойлануға уақыт болмағандықтан бірден кәріз құбырына түсуге тура келген.

«Ойланған жоқпын. Шешіндім де түсіп кеттім. Біреуін алып шықтым. Өзім біраз газға уланып қалдым. Шыққаннан кейін екіншісін Ержан Әбдіразақов келіп түсіп, жігіттер екінші жігітті алып шықты. Өмір мен өлімнің арасында жатқан жігіттер болғандықтан, шынымды айтсам, қорқыныш жағын ойламаппын. Қиындыққа тап болған адамға көмектесу әр адамның парызы ғой», – деді куәгер Аманжол ЖАНСЕЙІТОВ.

Аманжол айтқан Ержан Әбдіразақов деген мына жігіт. Үш баланың әкесі. Улы аймақтан екінші азаматты алып шыққан да осы. Көшедегі кептелісті көріп, не болғанын білмек болған ол құбыр ішінде  жатқандарды көреді. Сулы матаны бетіне байлап бірден көмектесуге кірістім дейді.  

«Әр қазақ жалғызым» деген мықты сөз бар. Менің өз ой пікірім сондай. Мәселе ұлтта емес, әр адам әр адамға жаны ашып, бір-біріне көмектесу керек деп ойлаймын. Оның бір батырлық деп есептемеймін. Қолдан келсе барлығымыз бір- бірімізге көмектесіп жүрсек абзал болар деп ойлаймын», – деді куәгер Ержан ӘБДІРАЗАҚОВ.

Қазіргі уақытта «Алматы судың» қос қызметкері қалалық №7 клиникалық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Өте ауыр жағдайда жеткізілген оларға бірден «Ауыр дәрежелі күкіртсутекпен ингаляциялық улану. Орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен уытты энцефалопатия» деген диагноз қойылған. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.    

«Екі науқас та келген бойда жан сақтау бөліміне жатқызылды. Жан сақтау бөлімінде жатыр. 1995 жылғы науқас бүгін аппарттан шешіліп, өз еркімен тыныс алып жатыр. Ал, екінші науқас өте ауыр жағдайда аппаратпен деп алып жатыр», – деді қалалық № 7 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қамбар БАЙЖІГІТОВ.    

Дәрігерлердің сөзінше, зардап шеккендерге көмектесу үшін кәріз құбырына түскен азаматтардың улану қауіпі жоғары болған дейді. Ал, «Алматы су» болса, Нұржан Қалыбай мен Асқар Қайназаров судың есептегіш құралын тексеретін бақылаушылар дейді. Олардың неліктен құбырға түскендігінен компанияның өзі де бейхабар.

Арнат Дүйсен, Медет Саматұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров