Картингте мерт болған 10 жасар бала: автодром директоры сұхбат беруден бас тартты

05.05.2022 00:54

Тәртіп сақшылары оқиғаны зерттеп жатыр

Almaty.tv / корреспондент Дамир Анитов

Картингте мерт болған 10 жасар бала отырған көлікті соғып, оқиға орнынан ізін суытқан әйелден тәртіп сақшылары күдікті емес, куәгер ретінде жауап алмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әзірге, бұл іс бойынша күдікті – қауіпсіздік ережесі сақталмаған картингтің директоры. Алматы аумағында орналасқан картинг орталықтарында арнайы талап пен сақталуы тиіс ереже бар. Ол халықаралық деңгейде бекітілген. Алайда оны келушілер көбіне сақтай бермейді екен.

«Кейбір ата-ана балаларын ересектерге арналған картингке отырғызамыз дейді. Тіпті, ол үшін артық ақша төлеуге де дайын тұрады. Бірақ дұрыс емес. Бізде қауіпсіздік ережелері бар. Оны біз 23 жылдай сақтап келеміз», – деді картинг әкімшісі Анастасия Панькова.

Келген қонақтар барлық талаппен танысады. Бой өлшемі 150 сантиметрден аспаған жағдайда ойын көлігі жүретін арнайы жолаққа кірмейді. Картинг 3 түрге жіктеледі. Отбасылық, ересектерге және балаларға арналған. Отандық авто спорт сарапшыларының айтуынша, картинг спорт түрі ретінде дамымай, кәсіпкерлердің пайда көзіне айналған. Жылдамдықты бағындыру оңай емес, сондықтан ол жерде қауіпсіздік ережелерінен бөлек орындалуы тиіс талаптар бар дейді.

«Картинг орталығында арнайы дәрігер болуы тиіс. Тіпті, біреу емес, екі маман болғаны жөн. Сосын ақыры мұны кәсіпке айналдыған екен жауапкершілікті  де түсініп, авто спорт саласында жүрген білікті мамандарды жалдауы тиіс. Әрине, кеше болған қайғылы оқиғаның куәгері болмағандықтан шындықты білмеймін. Бірақ видеодан көрдім. Ол балаға медициналық алғашқы көмек көрсетілмеген», – деді  ҚР Авто спорт саласының ардагері Александр Белянов.

10 жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғалы тәртіп сақшылары оқиғаны зерттеп жатыр. Директоры күдікті деп танылған «Сокол» автодромы марқұмның отбасына көңіл айтып,  9 жылда бірінші рет тіркелген қайғылы жағдай екенін алға тартты. Сұқбат беруден бас тартқан олар хат түрінде жолдады.

Оразай Нұртай, Ялкундан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы