Нұр-Сұлтанда карантин режимін бұзған 135 адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов айтты. Оның сөзінше, елордадағы полиция бөлімшелеріне үш мыңға жуық адам жеткізілген. Карантин уақытында 102 пультіне нендей арыздар түсуде? Жалпы қылмыс азайды ма?
Нұр-Сұлтанда карантин кезінде қылмыс саны 34 пайызға азайған. Полиция департаментінің басшысы осылай деді. Атап айтсақ, ауыр, аса ауыр қылмыстар 43 және 32 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық, алаяқтық, бұзақылық және басқа да қылмыстар деңгейі төмендеген. Жол көлік оқиғасының саны 76 пайызға, зардап шеккендер 72 пайызға кеміді. Ал, жол ережесін бұзғандар 67 пайызға бірден түскен. Десе де, кей азаматтар айтылған ескертулерге құлақ аспай, карантин режимін елемеген.
«Түрлі құқық бұзушылық үшін полиция бөлімдеріне 2 838 адам жеткізілді. Оның ішінде 1 770 кісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қамауға алынғандар – 166, айыппұл салынғандар – 1 126, ескерту алғандар – 408 адам, сот қарауында 70 материал бар. Әкімдіктің коммуналдық тұрағына 588 автокөлік қойылды. 36 жүргізуші мас күйінде ұсталып, жүргізу құқығынан айырылды. 67 жүргіншіге айыппұл салынды, 135 адам әкімшілік қамауға алынды», – деді қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан СӘДЕНОВ.
Ал, блок-бекеттердің шекарасын бұзғаны үшін 174 адам жауапқа тартылған. Оның ішінде 124 адам қамауға алынды. Ержан Сәденов бетперде киюге қатысты мәселеге де тоқталды.
«Қазіргі кезде медициналық маска тағу-тақпау бойынша сұрақтар көп. Масканы тағу керек. Өйткені сіз вирустық инфекцияны тасымалдап немесе жұқтырып алуыңыз мүмкін. Егер де адам ауырғанын біле тұра, маска кимесе, онда бұл қылмыстық жауапкершілік екенін ескертемін», – деді қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан СӘДЕНОВ.
Бұдан бөлек, Ержан Сәденов, карантин кезінде үлкендерден балалар қауіпсіздігіне баса мән беруді өтінді. Төтенше жағдай кезінде екі бала терезеден құлап, біреуі мерт болған. Тәртіп сақшысы тұрғындардан 23.00-ден кейін тыныштықты сақтауды сұрады. Оның сөзінше, терезеден және балконнан ән айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып жатқандар жайлы хабарламалар 102 пультіне жиі түсуде. Ал, тыныштықты бұзғандар 437-бап бойына әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Ержан Сәденов, сондай-ақ елордада 2 мыңға жуық полицей COVID-19 вирусына тест тапсырғанын айтты. Індетті жұқтырды деген күдікпен бақылауға алынғандардың басым бөлігінде вирус расталмаған.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан