Елімізде дәрілік препараттарды заңсыз сатудың 537 фактісі анықталып, 58 қылмыстық іс қозғалған

 today.ua
today.ua
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көкшетаудағы ауруханалардың бірінде медбике заңсыз дәрі сатумен айналысқан. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты. Оның берген ақпарынша, дәрілік препараттарды заңсыз өткізудің 537 фактісі анықталып, 58 қылмыстық іс қозғалды. Вице-министр дәрі-дәрмекті азық-түлік дүкендері мен тұрғын  үйлерде өткізудің фактілерін де атады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Заңсыз айналымнан 71 мың қаптама медициналық препарат, жарты миллионға жуық медициналық бетперде, 36 мың дана қолғап пен қызу өлшегіш, көзді қорғау құралы және 705 литр антисептик алынған. Заңбұзушылықтар Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Атырау мен Жамбыл облыстарында көп орын алған.

«Мәселен, Нұр-Сұлтанда Instagram әлеуметтік желісі арқылы дәрі сатқан тұлғаны анықтадық. 30 жастағы елордалық болып шықты. Көкшетауда медициналық препараттарды заңсыз өткізген медбике анықталды. Ақтөбе облысында дәрі-дәрмек азық-түлік дүкенінде сатылған. 112 қаптама тәркіленді. Ал Павлодар облысындағы дәріхана тиісті құжатынсыз болған. Түркістан облысының 40 жастағы тұрғыны үйінде процедуралық кабинет ашып, медициналық препараттарды сатқан. 307 қаптама тәркіленді», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди.

Сонымен қатар, карантин ережелерін бұзған әр төртінші азамат көшеде бетпердесіз жүргені үшін жауапқа тартылды. Белгіленген ережелерді елемей, қорғаныш құралынсыз серуендеген қазақстандықтарға 20 миллион теңгеге айыппұл салынса, жауапкершілікке 495 адам тартылыпты. Осы ретте Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова көшеде маска тағу міндетті екенін айтып, өзінің 26-маусымдағы 46-қаулысында жазылған норманы еске салды.  

«Қазір карантин кезінде жабық типтегі нысандарда да, ашық нысандарда да маска тағу міндетті. Сондықтан Қазақстан азаматтарына талап қойылады. Оны орындамағандар жауапкершілікке тартылады. Маска инфекцияның таралуынан қорғайтыны дәлелденген. Коронавирус ауа-тамшылы жолдары арқылы берілетінін ұматпаған абзал», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Бүгінде пневмония жұқтырған 45 мың қазақстандық ауруханада жатыр екен. Алайда елдегі күрделі ахуалға қарамастан, той-томалақтар әлі де тыйылар емес, - дейді Айжан Есмағамбетова.

«Әдеттегідей, мұндай мерекелік жиындарға басқа өңірден жиналған қонақтар қауіпті инфекцияны өз үйіне  алып барады. Мұндай заңбұзушылықтар Алматы қаласында, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында анықталды. Барлық мереке ұйымдастырушыларына айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.  Ал карантин екінші тамыздан кейін ұзартыла ма, жоқ па ол мәселе қазақстандықтардың өзіне тікелей байланысты, деді бас санитарлық дәрігер. Себебі көпшілік тиісті талапты орындамаса эпид-ахуал жақсармайды. Қазір вице-премьердің төрағалығымен ведомтсвоаралық комиссия карантиндік шараларды жеңілдетудің түрлі нұсқаларын қарастырып жатқан көрінеді.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров