Алматыда дезинфекциялық жұмыстардың 17-кезеңі басталды

almaty.tv
almaty.tv
Жоспар бойынша бүгін 3 мыңға жуық үй мен мыңнан астам аула аумағы залалсыздандырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дезинфекциялық шаралардың 17-кезеңі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоспар бойынша бүгін 3 мыңға жуық үй мен мыңнан астам аула аумағы залалсыздандырылды. Ал топ-топ болып тазалық жүргізуге шыққан дезинфекторлар жұмысының егжей-тегжейімен бөлісті.

Бүгін дезинфекцияның 17-кезеңі басталды. Кесте бойынша жүріп жатқан шаруаның біз Жетісу ауданындағы санитарлық жұмыстарына куә болдық. Ауданда 691 үй, 1744 подъезд, 305 аула бар. Бүгін соның 223 үйі, 451 кіреберісі мен 108 ауласы залалсыздандырылды. Санитарлық шараларды атқаруға 6 бригада, 25 адам жұмылдырылған.

Ал Райымбек даңғылы бойындағы мына үйлерді бір бригадир мен үш адам тазартып шықты. Оның ішінде 48 жастағы Әділбек Қайроллаев та бар. Ол «дезинфекторлардың ішіндегі ең үлкенімін әрі тәжірибем де мол» дейді.

«Алматыда карантин басталғанда жұмысымнан айырылып, үйде жатып-жатып шаршадым. Сосын жұмысқа шақырып жатқанын инстаграммнан көрдім. Бірден шықтым.   Жұмыс барысында аса ауыр  қиындық жоқ. Бір қиындық бар,  ол –  біздің халық не үшін, немен істеп жатқанымызды түсінбейді», – деді дезинфектор Әділбек ҚАЙРОЛЛАЕВ

Түсінбеген жұртқа түсіндірме жасалады. Дезинфекциядан кейін бірнеше сағат шығуға болмайтыны да ескертіледі. Ал, жұмысшылар жеке қорғаныс құралдарымен түгел қамтылған және күнделікті ауыстырып отырады.

«Айлығы күніне 4 мың теңге төленеді. Біз апта сайын беріп отырамыз. 24 мың болады және сыйақыға мың теңге қосылады. Егер қосымша жұмыстар шығып қалса, ол кезде мың теңге төленеді қосымша», – деді Жетісу ауданы бойынша дезинфекция жұмыстарының жетекшісі Қуат ӘБДІРАХМАНОВ.

Дезинфекторлар арқасына асынып алатын құрал  пульвелизатор деп аталады. Менің арқамдағы мынау механикалық түрі. Мынадай темір арқылы дезинфекция жасалады. Ал мынау автоматты түрі. Оны қолдану үшін бір ғана батырманы басса жеткілікті. Екеуінің де көлемі – 16 литр.

Жалпы бүгін қала көшелері мен тротуарларын жууға 145 бірлік арнайы техника, 1188 жұмысшы тартылған. Сонымен қатар, 2860 үйдің 7877 кіреберісі мен 1318 аула залалсыздандырылып, бұл жұмыстарға 450 адамы бар 64 бригада шыққан.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Графика-1:

Дезинфекция жұмыстарының 17-кезеңі (1-күн)

Көшелер мен тротуарларды дезинфекциялау:

145 бірлік арнайы техника

1188 жұмысшы

Графика-2:

Дезинфекция жұмыстарының 17-кезеңі (1-күн)

Тұрғын үйлер мен аулаларды дезинфекциялау:

2860 - үй

7877 - кіреберіс

1318 - аула

450 адам, 64 бригада

Новости партнеров