Бұл іс бойынша екі зардап шегуші де «Қазақстан Теміржолы» компаниясынан өтемақы талап етіп отыр
55 секундқа тетікті кешігіп басып, шлагбаумды жауып үлгермеген. Бұл атышулы Шамалған апатына байланысты өтіп жатқан сот отырысында өткел кезекшісі Досбатыр Ахметжановқа тағылып отырған айып. Алайда, айыпталушының адвокаты Шәмиян Жайылханов тергеу қорытындысымен мүлдем келіспейтінін айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себебі, оның қолында 55 секундта ештеңе шешпейтінін растайтын Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы ректорының қолы қойылған шешім бар. Айыптау актісі менің ойымша Солоненко мен Колешниковтың қорытындысы негізінде жасалған дейді қорғаушы.
«Солоненко да – Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры. Ол басқа ғалымдармен ақылдаспаған. Ректор Аркеновтың да рұқсатын алмаған. Оның келтірген айғақтарында Ахметжанов 55 секундқа тетікті кешігіп басқаны салдарынан апат болды деп отыр», - деді айыпталушының қорғаушысы Шәмиян ЖАЙЫЛХАНОВ.
Бұл іс бойынша екі зардап шегуші де «Қазақстан Теміржолы» компаниясынан өтемақы талап етіп отыр. Апат салдарынан қаза болған автобус жүргізушісінің әйелі - 20 млн теңге, ал екі баланың анасы Эльмира Жәнібекова 40 млн теңге сұраған. Сотта сөз алған Досбатыр Ахметжанов атқарылуы тиіс шаралардың бәрін орындағанын жеткізді. Алайда бұған келіспеген жүргізуішінің әйелі Ләйла Жарылғасова сот залында айыпталушыға дүрсе қойды.
«Қолыма қызыл жалау алып жүгіріп шығып, автобустың артынан келе жатқан пойыз машинистіне 150 градуспен тоқтау белгісін бердім», - деді айыпталушы Досбатыр АХМЕТЖАНОВ.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйек айында Шамалған стансасында болған апат бойынша сот отырысы жүріп жатыр. Бұл іске басты айыпталушы ретінде өткел кезекшісі Досбатыр Ахметжанов жауап беруде. Егер кезекшінің айыбы дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.