Алматы: «Жасыл дәліз» 24 сағат бойы дамылсыз жұмыс істейді

inform.kz
inform.kz
Блок-бекеттерде жүк көліктері қалаға еркін кіріп шығу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істеп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Блок-бекеттерде жүк көліктері қалаға еркін кіріп шығу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істеп тұр. Қала аумағына кіретін немесе азық-түлік тасымалдайтын көліктер осы жолмен ғана өтеді. Бұл дәліз Алматы тұрғындарына қажетті азық-түлік пен тауарларды тасымалдау үшін қажет, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Жасыл дәліз күндіз-түні 24 сағат дамылсыз жұмыс істейді. Бұл жерде тек арнайы көліктер мен азық-түлік тасымалдаушы жүк көліктері ғана өткізіледі. Ал жеңіл көліктер кері қайтарылып жатыр.

Алматыдағы ірі базардың басшылығы азық-түлік жетіспеушілігі жоқ екенін жеткізді. Айтуынша жеткізушілермен арада келісімшарт бар. Жүк көліктері жасыл дәліз арқылы еш кедергісіз жеткізіп жатқанға ұқсайды. Базар да тәулік бойы жұмыс істейді.

«Жылдағыдай тауардың сапасы да, басқа жағы да төмендемеген. Тауар түрлері жергілікті өндірушілерден әрі сырттан келіп жатыр. Тоқтатылған жоқ. Базар күнделікті тәулік бойы істейді. Себебі, өздеріңіз білесіздер, Алтын орда базары бүкіл Алматы мен Алматы облысын азық-түлікпен қамтамасыз етеді», – деді «Алтын орда» базары директорының көмекшісі Нұрлан СЫДЫҚОВ.

Логистика және бизнес саласы басты назарда. Қалаға азық-түлік тасымалдау да қатаң бақылауға алынған болатын. Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындары тапсырысты үйге дейін жеткізу қызметіне көшті.

«Көкөніс  бойынша қазіргі таңда Павлодар облысы мен Түркістан облысы және көрші мемлекеттермен келісім-шарт  бар.  Қаланы қамтамасыз ететін ең ірі компаниялармен де жұмыс істеп жатырмыз. Әрі одан басқа сиыр етін, тауық еті болсын, жергілікті өндірушілермен келісім-шарт орнатылған», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Қаладағы бірқатар ірі сауда нүктелерін де аралап шыққан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев  азық-түлікті блок-бекет арқылы жеткізу мәселесінің тұрақталғанын жеткізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қала тұрғындарын қамтамасыз ету мақсатында қала бюджетінен қосымша 5 млрд. теңге бөлінді.

Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов

«Алматы» телеарнасы

Новости партнеров