2987 хаттама толтырып, 150 млн 217 470 теңге көлемінде айыппұл салынған
Түркістан облысында шағын және орта бизнес субьектілерін күнделікті тексеру шаралары жалғасуда. Өткен демалыс күндері полицейлер, санитар дәрігерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері Түркістандағы тойхана-дәмханалардан бастап, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап шықты. Кейбір шағын және орта бизнес өкілдері карантин режимі күшейгеніне қарамастан, заң бұзуды жалғастыруда. Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі тақатсын.
Түркістанда азық-түлік дүкендерінде сатушылар да, тұтынушылар да бетперде тақпайды, кіреберісте антисептикалық сұйықтық таппайсыз. Ал дәмхана-мейрамханаларда карантин туралы тіпті естімегендей. Көбінде санитайзерлер орнатылмаған. Даяшылар бетпердесіз, қолғапсыз ас әзірлеп, сабылып жүр. Камераны көре сала қашқан олар санитарлық талаптарды тексеру келгенде ғана есіне алатындай. Бұны полиция қызметкерлері де растап отыр. Құзырлылар осы жылдың 5 шілдесі мен 10 қазан аралығында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2987 хаттама толтырып, 150 млн 217 470 теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Егер талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық-бұзушылық шара қолданатынын ескертеміз. Қазіргі таңда осы талаптарға қарамастан қала тұрғындары қаулыда көрсетілген талаптарды бұзуды жалғастыруда. Яғни, той, құдалық, беташар басқа да үй ішіндегі тойханаларда шараларды жалғастырып, талаптарды бұзуда», – деді Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Шералы Әбдіраманов.
Тәртіп сақшылары облыста шектеу шараларына қарамастан ережені елемей тығылып той-томалақ өткізетіндер қатары көбейіп отыр дейді. Полицейлер бүгінге дейін 70 беташар, 30 келін түсіру, 43 қыз ұзату, 8 құдайы тамақ, 57 құдалық, 11 бесік той, 5 тұсау кесер сүндет той, 12 ұжымдық жиын, жалпы 236 отбасылық, мерекелік іс-шараны тоқтатуға мәжбүр болған.
«Бізде қазіргі таңда республика көлемінде яғни 7 қыркүйек пен 1 желтоқсанға дейін республика көлемінде жедел профилактикалық іс-шарасы жүруде. Оның бірден бір себебі полиция қызметінің ашықтығын, олардың халықпен тығыз қарым-қатынаста болуын және де халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы шара жүруде», – деді Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Асқар Мұсаханов.
Айта кетейік, Түркістан облысында коронавируспен сырқаттанғандар санының азайғаны бақалады. Соңғы дерек бойынша қауіпті індеттен 2 науқас стационарда, тағы 16-сы амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр.