Алматы облысында көпбалалы отбасы қыстың қақаған аязында далада қалды

Алматы облысында көпбалалы отбасы қыстың қақаған аязында далада қалды
Тоққожаевтар отбасының жылдар бойы тірнектеп еңбек етіп соғып алған үйлері бір түннің ішінде қызыл жалынға оранған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көпбалалы отбасы қыстың қақаған аязында далада қалды. Тоққожаевтар отбасының жылдар бойы тірнектеп еңбек етіп соғып алған үйлері бір түннің ішінде қызыл жалынға оранған. Оқиға Талғар ауданына қарасты Черемушка саяжайында болған. Абырой болғанда, іштегі шиттей бала-шаға далаға шығып үлгеріпті. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.

Үрейге толы сол түннен кейін Тоққожаевтар отбасы енді ғана есін жиып жатыр. Осыдан бір күн бұрын түнгі сағат 22.00 шамасында  үйде от тұтанады. Әдеттегідей бұл уақытта ұйқыға жатуға дайындалатын жанұя кенет дүрс еткен дауысты естіген.

Үйдің өртеніп жатқанын жанұя мүшелері дәл осы бөлменің төбесі ортаға опырылып түскен кезде ғана білген. Сол сәтте мұнда осы үйдің 12 жастағы қызы болғанға ұқсайды. Абырой болғанда, жеткіншек бөлмеден шығып үлгерген.

«Барлығы жанып кетті. Біз енді киім-кешектің бір қолымызға ілінгенін алып үлгердік. Балаларымыз жатарға дайындалып жатқан. Сол пижамаларымен жалаң аяқ жүгіріп кеттік қой далаға. Бір бес минуттың ішінде үй көк түтінге толып кетті. Ештеңе алып үлгермедік. Барлығы, дүниенің бәрі жанды», – деді Жазира Бияздықова.

Отбасының төрт баласы соның ішінде 4 айлық сәбиі де дін-аман. Бірақ сонша жыл тірнектеп еңбек етіп салып алған баспананың шаңырағы өртеніп ортаға түскені үй иесінің жанына қатты батыпты. Газ орнатуға шамасы келмеген жанұя көмір отынын тұтынады.

«Пештің мұржасында бір жерінде ақау болып содан шоқ түскен шығар төбеге. Қазір жанғыш нәрселер көп қой сол. Стекловат, пенопласт соларға от тиген ғой деймін. Құтқару қызметі келді. Ол кісілердің өзі жарты сағаттай кешігіп келді ғой. Келгеннің өзінде де әйтеуір біразы жанып, төбесі бір-ақ ортасына түсті», – деді Ерболат Тоққожаев.

Әйтсе де отағасы оқиға боларға дейін пештен қауіпті ешнәрсе байқамағанын айтады. 130 шаршы метр болатын үй қазір өмір сүруге жарамсыз болып қалған.

«25 қараша түнгі сағат 22-00-де қоңырау түскеннен кейін өрт болған мекенжайға өрт сөндірушілері мен арнайы техника жедел аттанды. Бригада оқиға орнына барғанда үйдің барлығы отқа оранып жатқанын растады. Өрт сағат 23:12 минут кеткенде ауыздықталды», – деді Талғар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Руслан Әбдіқапаров.

Балаларын туысқандарының үйіне уақытша жайғастырған отбасы енді пәтер жалдауға тура келетінін айтады. Ал өртенген шатыр мен күйіп кеткен қабырғаларды қайта қалыпқа келтіру үшін тағы шығындануға мәжбүр. Бірақ төрт баланың анасы Жазира Бияздықова бауыр еті балаларының аман қалғанын көңілге жұбаныш етіп отыр. Декреттік демалыстағы ана қалалық Медеу ауданының аумағына енетін мектепте мұғалім болып қызмет еткен. Осыны ескерген Медеу ауданының әкімдігі отбасыға материалдық жәрдем көрсетпекші. Ал Талғар аудандық әкімдіктегілер көпбалалы ата-анаға ешқандай көмек қарастырылмағанын айтты.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

KASRI GOLD:

Ерболат Токкуджаев - +7701 668 51 50

Жазира Бияздыкова - +7702 655 92 67

Новости партнеров