Елордада 2 мыңнан астам жүргізуші куәлігі заңсыз берілген

19.09.2020 01:11

Медициналық және автомектепті тәмәмдағаны жайлы жалған анықтамалар сатумен де айналысқан

Almaty.tv

Елордада 2 мыңнан астам жүргізуші куәлігі заңсыз берілген. Мұндай мағлұматты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров бөлісіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір жемқорлыққа қарсы қызметпен Нұр-Сұлтан қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәліктерін заңсыз беріп келген тұлғаларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Анықталғаны, олар медициналық және автомектепті тәмәмдағаны жайлы жалған анықтамалар сатумен де айналысқан.

«Жүргізуші куәліктері ешқандай теориялық және тәжірибелік емтихансыз беріліп келген екен.  Бұл үшін құжатты иеленгендер 80 мыңнан 120 мыңға дейін ақша төлегені анықталды. Осылайша 2 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілгені белгілі болды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.

Тергеушінің сөзінше, тінту барысында автомектептердің 7 мөрі, оларды тәмәмдағаны жайлы 479 бланк пен №086-пішінді жалған медициналық анықтамалар тәркіленді. Онда дәрігерлердің қолтаңбалары мен мөрлері алдын ала қойылған екен.