Асыл арманда болған өрттен үш адам ауруханаға түсті

11.08.2020 01:12

Тұрғын үй кешінінде қазір жағдай тұрақты

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысының Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде болған өрт салдарынан 3 адам ауруханаға түсті. Бұл туралы Алматы облысы төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Еске салайық, тоғызқабатты үйдің үшінші қабатынан өрт шығып, тұрғындар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілген еді. Куәгерлердің айтуынша, төтенше жағдай түнгі бір шамасында болған. Жатын бөлмедегі үй заттары мен жиһаздар түгелдей отқа оранған. 51 жастағы пәтер иесін, 26 жасар ұлын және 11 жасар туысын күйік шалған. Одан бөлек көрші тұратын тағы екі адам  жанған заттардан уланғаны белгілі болды. 

«Жараланған 4 адам бар. Ол кісілер қазір ауруханада. Өрттің көлемі жанған 15 шаршы метр. Қазіргі уақытта аудан әкімі коммуналдық қызметпен бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Және ауруханаға түскен пәтер иесіне көмек көрсетіледі», – деді Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Абылай Ысқақов.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Төтенше жағдай кезінде 18 өрт сөндіру қызметкері мен 4 техника жұмылдырылды. 25 адам құтқарылып, 300 адам эвакуацияланған. Тұрғын үй кешінінде қазір жағдай тұрақты. Өрт кезінде өшірлген барлық коммуналдық қызметтер қайтадан іске қосылды.