Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты кезінде зардап шеккендердің бірі 98 автобус жүргізушісіне кешірім берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді қылмыстық істе 3 зардап шегуші қалды. Олардың қатарында былтыр күзде болған жол-көлік оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтың туыстары бар. Бүгін кезекті сот отырысына сол күнгі сәтті көзімен көрген куәгер келді. Ол алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Еске сала кетейік, былтыр қараша айында Төле би мен Абылай хан даңғылы қиылысында 2 қоғамдық көлік соқтығысып, салдарынан 21 адам түрлі деңгейде жарақат алған еді.
«Бірінші есік ашылды. Ішіне кірдік. Балаларды сыртқа шығарып жатыр екен. Қалған жердің бәрі әйнек. Жүргізушіге қарасақ, сол жақ жақтау терезесінен сыртқа қарай салбырап тұр екен. Автобустың артқы бөлігінде адам жатқан болатын. Дөңгелек қазып тастаған, сол жағын. Ал адамды шығарып алу мүмкін емес. Ол ТЖМ-ның көмегі болмаса, қарапайым адамдар автобус көтере алмайды ғой. Дөңгелек айналғанда, мыжып тастауы да мүмкін. Ол жаншылып жатты, шығуы мүмкін емес болды», – деді куәгер Еркін Ермеков.