|
21.09.2022 | 20:18
2976

Алматы облысында тау бөктері өртеніп, елдімекенге қауіп төнді

Алапат өрттен зардап шеккендер жоқ

Алматы облысында тау бөктері өртеніп, елдімекенге қауіп төнді Almaty.tv

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тау бөктері өртеніп 4 мыңнан астам халқы бар елдімекенге қауіп төнді. Қызыл жалын қасқағым сәтте 2 гектар аумаққа жайылып, жайқалған жасыл желектің күлі көкке ұшты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азат ауылындағы алапат өрт туралы хабар жеткенде бірден төтенше жағдайлар қызметі мінген көліктің ізіне түстік. Оқиға орнына жеткенде, елдімекенге тиіп тұрған тау жотасының өртеніп жатқанын көрдік. Қою қара түтін, лапылдаған қызыл жалын.

Жотада тұтанған қызыл жалын бірден тарап, беткей тұсы түгел дерлік күлге айналып кетті. Өртті сөндіруге төтеншеліктерден бөлек, ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр. Дегенмен, қауіп әлі сейілмеді. Бөктердегі бұта мен шөптің құрғақ болуы өрттің тез таралуына себеп болды.  

Өрт шыққан аумаққа жету үшін шамамен 20-25 минуттай уақыт кетті. Мұнда шығудың өзі қиын. Мұндағы жағдайды айтатын болсақ, өрт толығымен сөнді. Қауіп те сейілді. Мұндағы өрт сөндірушілер мойынға артылған міндетті толық атқарып, ауылға төнген қауіптің бетін қайтарды.

«Өрт 2 гектар аумаққа тарады. Біз сөндіру барысында анықтадық. Енді біздің арнайы мамандар таудағы өрттің қайдан шыққаннын зерттейтін болады. Егер біреудің қасақана әрекеті болып шықса, ол міндетті түрде жауапқа тартылады», – деді Еңбекшіқазақ аудандық ТЖБ бастығы Рахман Каримжан.

Алапат өрттен зардап шеккендер жоқ. Айта кетейін, жыл басынан бері бір Алматы облысының өзінде 200-ден астам дала өрті тіркелген.

Оразай Нұрай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир