Еліміздегі автожолдың ұзындығы - 95 мың шақырым
Биыл Қазақстанда 12 мың шақырым жол жөнделеді. Соның бірқатары 15-20 жылдан бері жаңалау көрмеген республикалық маңызы бар автожолдар. Рекордтық көрсеткішті Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде еліміздегі автожолдың ұзындығы - 95 мың шақырым. Бұның 25 мыңы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жол саналады. Жыл соңына дейін олардың бір бөлігі толық жөндеуден өтіп, тақтайдай тегіс қалыпқа енеді. Министрлік жоспарланған 12 мың шақырым жолдың құрылысы қарқынды деп сендірді. Белгіленген нысандардың жартысынан астамында қазір жұмыстар аяқталып, қолданысқа беруге дайын.
– Биыл 7000 шақырым жолды жылдың соңына дейін пайдалануға береміз деп отырмыз. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарынан басқа биыл 2000-нан 4000 шақырымға дейін ұлғайтылған күрделі орташа жөндеу жүргізілуде, – деді ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті пайдалану басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаев.
Бас қала мен оңтүстік астананы жалғайтын жолдың да құрылысы жүріп жатыр. Астана – Алматы бағыты бойынша бүгінде 879 шақырымның 809 шақырымы ашылып, қолданысқа берілген. Қалған 67 шақырымдағы шаруа аяқталады. Жоба ойдағыдай іске асса Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының жұртшылығы жолдың қызығын көреді.
– Жол негізгі 4 учаскеден тұрады. Бұлар - Қарағанды-Балхаш, Балқаш-Бурылбайтал, Бурылбайтал-Құрты, Құрты-Шамалған тасжолдары. Қазіргі таңда осы бағыт бойынша үстіңгі-астыңғы асфальт бетон жабыны төселіп болды. Басты ерекшелігі, жолдың ең жоғары қабатына қиыршық тасты төседік, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Жылдық жоспарда жергілікті желіге тиесілі жолдардың да құрылысы бар. Өңір-өңірдегі 4 мыңға тарта автожолды қалпына келтіру көзделген. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылады. Министр мәліметінше, Батыс Қазақстан мен Атырау аймағындағы жолдар нашар. Олқылықты түзету үшін биыл оларға қазынадан бөлінетін қаржының көлемі ұлғайтылды.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Су емес, батпақ ішіп отырмыз: Жезқазған жұрты ауыз суға зәру