Шымкентте қатты дауыл салдарынан бірнеше шағын аудан жарықсыз қалды

08.06.2021 01:55

8 көпқабатты тұрғын үй мен 4 жекеменшік үйдің шатырын ұшырып әкеткен

Шымкентте кеше дауыл тұрып, секундына 28 метрге дейінгі жылдамдықпен соққан жел  8 көпқабатты тұрғын үй мен 4 жекеменшік үйдің шатырын  ұшырып әкеткен. Одан бөлек ағаштар құлап, бірнеше жеңіл автокөліктерді зақымдаған. Қатты тұрған желден келген зақым қалай ретке келтірілуде? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтсын.

Шымкентте күні кеше қатты жел болып, бірнеше аудан тұрғындары жарықсыз қалды. Көпқабатты үйлердің шатыры ұшып, көше бойындағы ағаштар құлады. Ал, 8 жеңіл автокөлік ұшқан шатырлар мен тамырымен құлаған талдардың астында қалған. Жібек жолы көшесінде орналасқан мына көпқабатты тұрғын үйдің  шатырына зықым келген. Қазіргі уақытта төтеншеліктер жөндеу жұмыстарын жасауда.

«Кеше қатты дауыл болды. Жел  біз тұратын үйдің шатырын жұлып әкетті. Енді қазір қарасаңыздар, шатырдың соңғы бөліктері ғана  қалған. Теледидардың кабельдері ұстап алған шатырды.  Ал, ол болмағанда шатыр жерге түсіп, біреуді зақымдайтын еді», – деді қала тұрғыны Владимир Чиркин.

Бұдан бөлек қатты тұрған дауыл салдарынан 8 көпқабатты тұрғын үй мен 4 жекеменшік баспананың шатырына зақым келген. Оқиға орнына төтеншеліктердің  6 бірлік техникасы мен жеке құрамнан  25 адам жұмылдырылыпты. Ұшқан шатырлардың жалпы ауданы 585 шаршы метрді құрайды.

Ал, мына әлеуметтік желіде жарияланған видео бойынша  Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мадияр Жақсыбаев мынадай түсініктеме берді.

«Инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінде таратылған видео бойынша бізге хабарлама келіп түскен жоқ. Жарылыс болды ма немесе электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды ма? Ол бойынша департаментке хабарлама келген жоқ», – деді қалалық ТЖД бастығы Мадияр Жақсыбаев.

Сондай-ақ, жойқын дауыл  бірнеше аудан тұрғындарын жарықсыз қалдырды. Атап айтқанда, Нұрсат, Достық, Қайтпас-2, Сәуле шағына удандары мен Тельман бөлімшесінің 600-ге жуық абоненті жарықсыз қалды.  Төтеншеліктер бұл абоненттердің барлығы электр желілеріне түгелдей қосылды деп отыр.