Алматы қаласындағы карантинге қарамастан облыс тұрғындары мегаполиске кіргісі келеді. Тіпті бекеттерді айналып өтпек болғандар да аз емес. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір посттарда жұмыс қалыпты деп сендірді жауаптылар. Дегенмен, әріптесім Өмір Әнуарбек өткізу орындарының біріне барып, жағдайды өз көзімен көріп келді.
Осы күні блок-бекеттердің жұмысы күшейтілген режимге көшкен. Тіпті сергек камералары да орнатылған. Полицейлердің сөзінше, постты айналып, жасырын көшемен өтетіндердің жолы кесілді. Ондай жерлердің барлығын ұлттық ұлан сарбаздары торауылдауда. Қалаға заңсыз кірем дейтіндер ұсталып, алды айыппұлмен құтылып жатса, кейбірі 5-тен 14 тәулікке дейін қамалуда.
Бүгінге дейін блок-бекеттерде 122 заң бұзушылық тіркелген. 73-і әкімшілік қамауға алынса, қалғандары айыппұл төлеуге тура келді. Жауаптылардың сөзінше, ұсталғандардың дені Алтын орда маңындағы бекеттерді айналып өтпекші болған.
«Алтын ордадан кейін қалаға шекаралас орналасқан елдімекендер бар. Қаскелең қаласы дегендей. Сол жақтан адамдар көп келіп, Алматыда жұмыс істейді екен. Көбісі сол жұмысқа барғысы келіп, бекеттерден өтпекші болған», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Полицейлердің сөзінше, қаладан шығатындар емес, керісінше Алматыға кіргісі келетіндер көбейген. Ол түсінікті өйткені 5 күн демалыста барлығы облысқа кетіп қалған. Енді жауаптылар ол азаматтарға Алматыға кіруге болмайтынын айтып, карантин ережелерін түсіндіріп жатыр. Ал, жасырын жолмен кіретіндерге мүлде мүмкіндік жоқ дейді шенділер.
«Қуыс-қуыс көлденең көшелер айқындалды. Оның 30-на тосқауыл қойылды. Арнайы бетон тақтайшалары содан соң ұлттық ұланнан күзету қойылды. Қайткенде де қазіргі кезде енді көлденең жолдар арқылы өте алмайды адамдар», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Еске салайық, бүгіннен бастап Алматыда жаңа режим енгізілді. Яғни, қаладағы негізгі сауда нысандары мен қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтатылды. Тек дәріханалар мен медициналық ұйымдар, азық-түлік дүкендері және жанар-жағармай стансалары қызметтерін жалғастыра береді. Ал, қоғамдық көліктер таңғы 6-ден кешкі 7-ге дейін ғана қатынайтын болады.
Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы