Су тасқыны: Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мүлде жарамай қалған

Су тасқыны: Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мүлде жарамай қалған
Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерде малдың басым бөлігі құтқарылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерде малдың басым бөлігі құтқарылған. Бұл туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуынша, бүгінгі таңда сарқынды судан Еңбекші және Жаңа жол ауылдық округі зардап шеккен. Шығын көлемі әлі де артуы мүмкін дейді мамандар.

«404 млн теңгеге шығын келген. Ағынды су 3602 гектар егістік жерге зақым келтірсе, соның 85 пайызы  – мақта алқаптары. Оның барлығы ерте егіліп қойған. Қалғаны – бақша өнімдері. Мақта алқаптары мүлде жарамай қалған. Еңбекші ауылдық округінде қазір біз анықтай алмадық», – деді Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары  Тұрғанбек ОСПАНОВ.

Бүгінде төтенше жағдай орын алған аймаққа 95 ауыл шаруашылығының маманы  жұмылдырылған. Олар су басқан елді мекендерді қалпына келтіру мен шығынды есептеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал суда қалған малдар құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерге көшірілуде. Жаңа жол ауылдық округіндегі жеті елді мекенде екі күннен бері малдың 85 пайызы судан шығарылған.

«Ұсақ малдың 22-і көшірілді. Яғни 76 пайыз. 132 бас жылқы. Барлығын көшіріп үлгердік. Жалпы көшірілген ірі қараның саны – 1100 бас. Жылқыдан 221 бас», – деді Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары  Тұрғанбек ОСПАНОВ.

Айта кетейік, Өзбекстанда 1 мамырда болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған еді. Соның салдарына Түркістан облысы Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Қуан Нұрақын, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров