Өз-өзіне қол салуы мүмкін емес: Түркістанда құдыққа түсіп көз жұмған әйелдің туыстары шағымданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл істі полиция «суицид» бабымен тіркеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында құдыққа түсіп кетіп, денесі табылған әйелдің ісін полиция «суицид» бабымен тіркеген. Ал марқұмның туыстары «Рима Черныхтың өзіне қол салуы мүмкін емес» деп шырыл қағады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

18 наурызда Майтөбе ауылы маңындағы құдықтан 29 жастағы әйелдің денесі табылған еді. 40 метр тереңдіктен шығарылған келіншектің туыстары оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп отыр. Себебі қайтыс болған әйелдің басында ісік пен денесінде көгерген дақтар болған. Сонымен қатар бір уыс шашы қолынан табылыпты.

– Мен вахталық жұмыста едім. Сол күні түнде әлеуметтік желі арқылы сөйлескенде бәрі жақсы болған. Ташкентке қалай баратынымызды, қайда қыдыратынымызды талқылағанбыз. Ал ертесіне таныстарымыз «әйелің құдыққа түсіп, қайтыс болды» деп хабарласты. Онда да өзіне қол жұмсаған дейді. Ол мүмкін емес. Үстінде күртесі болғанмен, аяғында аяқ киімі жоқ. Біз әдейі біреу ішіне лақтырып жіберген деп күдіктенеміз, – деді марқұмның күйеуі Михаил Черных.

Марқұмның енесі оқиға орнына барғанда бөтен еркектің куәгер болып тұрғанын айтты. Жағдайды полицияға сол хабарлаған. Оның үстіне азамат мас халде болған. Енді қара жамылған отбасы Риманы куәгер өлтірді деп күдіктенеді.

– Полиция суицид дейді. Бүгінге дейін ешкімнен сұрақ-жауап алмады. Олар үшін жұмысты көбейтпей, істі жаба салған оңай. Мен келіннің өзіне қол салғанына сенбеймін. Себебі жағдайды естіп барғанда, ол құдық астынан мені құтқарыңдар деп айғайлады. Өлгісі келген адам 5 шақырым жерге барып, құбырға түсіп азаптанбайды. Бір сөзбен айтқанда, азаптап өтлірген, – деді  марқұмның енесі Светлана Черных.

Черных отбасы қылмыстық істің дұрыс тергелгенін қалайды. Алайда құқық қорғаушылар қаралы күннен бері үнсіз отыр Тек әлеуметтік желіде жазба жариялап, шағым айтқан соң, бүгін жауап алуға шақырған.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі:

«Қазіргі уақытта полиция «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеу жүргізуде. Заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр».

Рима Черныхтың артында 3 баласы қалды. Үлкені 9-да болса, кішісі небәрі 4 жасқа толды.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік автобус апаты: сот отырысына медициналық сарапшы қатысты

Новости партнеров