Ит иесі зардап шеккен баланың еміне деп жақындарына 30 мың теңге ұстатқан
Иттерге таланған 7 жастағы Мадина ауруханадан шықты. Қазір оның денсаулығы мен өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
5 мамырда Алматы облысына қарасты Тұздыбастау ауылында қыз бала 2 алабайға таланып, ауыр жарақат алған еді.
Болған оқиғадан Мадинаның анасы әбден қорқып қалған. Сондықтан ол күн туралы ештеңені ашып айтпады. Ал қыздың нағашы ағасы ит көршінікі дейді. Бір емес екі алабайдың қызға жабылуы және оның ауыр салдары кімнің мойнында? Туыстарын осы сұрақ мазалайды.
«Ол кісінің бірнеше көлігі бар. Менде көлік жоқ. Өзіміз автобуспен, ағай-туыстармен бардық. 3 күн болды ол әлі барған жоқ. Бүгін де жоқ», – деді ағасы Берік Юлдашев.
Ит тістеген қыздың денесінің сау-тамтығы қалмаған. Ал аталған оқиғаға қатысты тиісті шара қолдану керек болған әкімдік ит аулауға техника жетіспейді дейді
«Қазіргі таңда мына ит аулау мәселесі қиындау. Аудан бойынша бір техника. 1 автокөлік. Адам жетіспейді», – деді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов.
Алабайдың иесі жауапқа тартылуы мүмкін. Полицияның хабарлауынша, қазір бүлдіршіннің бетін, арқасы мен жамбасын тістеп алған иттің қожайынына қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы, 3-бөлігі денсаулыққа абайсызда ауыр зиян келтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дерек бойынша барлық тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Ит иесі зардап шеккен баланың еміне деп жақындарына 30 мың теңге ұстатқан. Ал қыздың туыстары қабаған ит пен немқұрайлы иесі үшін жазаны күшейтуді және пластикалық отаға керекті қаражатты талап етіп отыр.
Мерей Қанапиянов, Рустам Аралбаев, «Алматы» телеарнасы