ТЖ: Рұқсат қағаз бен анықтама қалаға кіруге көмектесе ме

Фото: Shutterstock / Veniamin Kraskov
Фото: Shutterstock / Veniamin Kraskov
1 ай бойына қала аумағынан сыртқа, облыстан қалаға кіре алмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин жаряилануына байланысты қала аумағынан облысқа шығатын жолдардың барлығы жабылады. Бұл туралы бүгін қалалық полицияның ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай қауіпсіздік шаралары  індеттің одан ары таралып кетпеуі үшін жасалып жатыр. Қалыптасқан жағдайда қалада жұмыс істейтін облыс тұрғындары не істемек? Олардың жұмыстан алған қандайда бір рұқсат қағаз бен анықтама қалаға кіруге көмектесе ме?

Алматы облысы тұрғындары үшін бүгін түнгі сағат 00:00-ге дейін қаладан шығып үйлеріне жетіп алуларына мүмкіндік бар. Ол уақыттан қалса, 1 ай бойына қала аумағынан сыртқа, облыстан қалаға кіре алмайды. Шеттеу тек көліктерге емес, сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге де салынбақ. Мұндай жұмыстардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр.

Дәл қазір біз Алматы қаласынан облыс аумағына шығатын жерде тұрмыз. Бұл – Құлжин тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысатын бөлігі. Бүгін түнгі 00:00-ден бастап бұл аумақтың барлығы жабылатын болады. Дәл қазір дайындық жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Қала аумағында осындай 27 блок орналасқан.

Қалалық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жұмыстан тұрғындарға  алынған қандай да бір рұқсат қағаздары мен анықтамалары қала аумағына кіруіне көмектеспейді. Ондай құжаттардың заңды күші жоқ. Қалада жұмыс істейтін облыс тұрғынының екі таңдауы бар. Бірі – басшысымен келісіп еңбек демалысына кету, немесе қалада уақытша тұратын мекен табуы керек.  

«Бірінші 2 күнде қандай да бір түсініспеушілік болуы мүмкін. Бірақ тұрғындарға барынша түсіністік танытуларын сұраймыз. Тұрғындарға қалаға келмеулеріңізді сұраймыз. Себебі бұл сіздердің қауіпсіздіктеріңіз. Қалада тұрып, облыста жұмыс істейтіндер болса, олар қалаға жіберілмейді», – деді

Алматы қалалық Пд ресми өкілі Cалтанат ӘЗІРБЕК.


Қаланың карантинге жабылуына байланысты негізгі талаптар мен ережелерді сақтамаған тұрғындар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жазаның төмені – 15 тәулікке қамалудан бастап 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.

БЛИЦ

– Жұмысым қалада. Соны сұрайын деп бара жатырмын. Негізі қаладан сыртқа шығарып, ішке кіргізбейді деп жатыр гой. Білмеймін енді.

– Адамдар толтырып тамақ сатып алып жатыр, бізде сатып алып келе жатырмыз. Пост жабылады деп жатыр. Бірақ мен қалада тұрамын.

– Мен негізі қалада тұрамын. Бірақ бұл адамдардың шығып кіруіне қиындық туғызуы мүмкін.

Ал, қала ішінде тұрғындар мен көлік жүргізушілеріне ешқандай да шектеу жоқ. Қоғамдық көліктер мен метро қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Карантин кезінде облыстан қала аумағына азық-түлік таситын жүк көліктері кіре алады. Одан бөлек, төтеншеліктер мен жедел-жәрдем көліктеріне ғана өтуге рұқсат беріледі. Қаладағы 27 посттың қашан ашылатыны белгісіз. Анығы –  жаяу жүргіншілер мен көліктердің толық тоқтатылатыны. Мамандар тұрғындарға дүрлікпей,  қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға кеңес береді.

Ұлағат Арғын, "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров