Адам түгілі көліктің жүруі қиын: Елордада 80-ге жуық отбасы тұратын Есіл көшесін су басты

Адам түгілі көліктің жүруі қиын: Елордада 80-ге жуық отбасы тұратын Есіл көшесін су басты
Мәселе былтыр күзде төселген жолдың аяқталмауына байланысты туындаға
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада 80-ге жуық отбасы тұратын Есіл көшесін су басып қалды. Мәселе былтыр күзде төселген жолдың аяқталмауына байланысты туындаған. Ал, ол жолдың құрылысын тұрғындар 20 жылдай күткен. Енді үйлерінің ішіндегі жертөлелері суға толып, заттары жарамсыз болып қалған. Толығырақ Almaty.tv тілшіcі тарқатады.

Тұрғындардың айтуынша, жол төсеу жұмыстары былтыр жаз айында жүргізілуі керек болған. Бірақ қар жауғанда күзде басталып, жол жөнделген. Енді көктем келгенде қар суы халықтың үйін басып жатыр. Сондықтан тұрғындар жұмыстарын аяқсыз қалдырған мердігерге наразы.

«Жол салғалы біздің мәселеміз басталды. Үйлерге су келе бастады. Жүретін жол жоқ. Не көлікке, не адамға. Міне, дабыл қақаннан кейін олар келеді, суды сорады, бір машина келеді де сорып әкетеді. Көзбояшылықпен жүрді», – деді қала тұрғыны Абдулла Темірболат.

Салдарынан тұрғындардың үйлерінің жертөлесінен су кетіп жатыр. Оған қоса жағымсыз иісі тағы бар. Ал адамдардың бұл жертөледе сақтаған заттары енді ластанып, жарамсыз болып жатыр

Қазір 80-ге жуық үйдің ауласы суға толып кеткен. Ол аздай қызыл су көрші көшелерге де жетіп үлгерген.

«Көрші Есіл көшесінен кәріз суы ағып жатыр. Соның суының бәрі біздің көшеге келіп жатыр. Міне, көріп жатқандарыңыздай, не жұмысқа, не мектепке, не балабақшаға, ешқайда бара алмай жүрміз. Өткен жолы әкімдіктен кісілер келген.  Бірақ …көмегі жоқ. Бірнәрсе төсеу керек енді», – деді  қала тұрғыны Мәди Иманбаев.

Көшенің қазіргі жағдайы осындай. Мына жерден адам түгілі машинаның да өтуі қиын. Тобыққа жететін балшық тұрғындарды әбден мезі қылған. Себебі балалар мен үлкендердің үйге кіріп шығуы қиямет қайым.

«Бұл көшенің жол құрылысы және инженерлік желілерді орнату автомобиль жолдарын салу жобасы аясында жүргізілуде. Қазіргі уақытта осы көшенің тұрғындары үшін өтуді қамтамасыз ету мақсатында жолды инертті материалмен толтыру жұмыстары жүргізілуде», – деді  Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Ербол Ескендіров.

Әкімдік өкілі көрші көшеге кәріз жүйесі және сумен жабдықтау желілерінің құрылғысы жүргізіліп жатқанын айтты. Сондықтан қаржы бөлінгеннен кейін ғана жол төсеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Қаламқас Нысанбай


Новости партнеров