|
07.12.2023 | 20:48
2358

Метродағы қауіпсіздік: 100 мыңға жуық алматылық жерасты көлігін пайдаланады

Пойыздардың максималды жылдамдығы сағатына 60 километрден аспауы керек

Метродағы қауіпсіздік: 100 мыңға жуық алматылық жерасты көлігін пайдаланады Almaty.tv

Алматыда күн сайын 100 мыңға жуық алматылық жерасты көлігін пайдаланады. Жолаушылар ағынының артуына байланысты пойыздар арасындағы аралық 5 минут 38 секундқа дейін қысқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депо туннельдерінен 11 пойыз шығады. Алматы метрополитенінде 60-қа жуық пойыз жүргізушісі жұмыс істейді. Әкесінің жолын қуған, метрода 10 жылдық тәжірибесі бар машинист маман Манарбек Байқұловты Алматы метросының ақсақалы деуге болады. Оның күнделікті жұмысы толық медициналық тексерістен өтуден басталады.

Жұмысқа рұқсат алғаннан кейін жүргізуші киімін ауыстырып, метро тізгінін қолға алады. Күн сайын вагондар техникалық байқау мен тазалаудан өтуі керек. Жүрер алдында жүргізуші де барлық жүйелерді тексеріп, Деподан кесте бойынша шығады.

– Төрт вагонның ішінде бейнекамера бар. Кейде жолаушылардың жағдайы нашарлап кетеді. Бейнекамерадан вагонның ішіндегі жағдайдың бәрін машинист бақылап отырады. Метрополитенде есірткі заттарын тексеретін, түрлі оқиғаға жауапты бөлім бар, – деді машинист Манарбек Байқұлов.

Машинистің кабинасы автоматтандырылған және автопилотта қозғалады. Тіпті ол ұйықтап қалғанның өзінде, көлік автоматты түрде тоқтайды. Жүргізуші алдындағы пульт арқылы пойыздың жағдайын бақылайды. Кез келген төтенше жағдайда дереу диспетчерлік пунктке сигнал беріп, апаттық тежеу түймесін басады. Төтенше жағдайларда пойыздар толық тоқтап, жолаушылар топтарға бөлінеді және авариялық шығу жолымен оларды жақын маңдағы стансаға бағыттайды. Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі.

Бірде жүргізуші кабинасына жолаушылардың бірі ауырып қалғаны туралы ақпарат түсті. Дереу диспетчерлік қызметке хабарласып, медбикенің қай бекетте екенін білдім. Стансаға келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетілді, – деді машинист Манарбек Байқұлов.

Пойыздардың максималды жылдамдығы сағатына 60 километрден аспауы керек. Метро вагонында темекі шегуге, тесуге, кесуге немесе үлкен заттарды әкелуге тыйым салынған. Алматылықтар метроға кіре берісте металл іздегіштен өтіп, артық заттарды өткізе алмайды. Бірақ қала тұрғындарының айтуынша, көбіне жолаушылар ережеге бағына бермейді.

– Эскалаторда тез жүгіріп бара жатқан адамдарды байқаймын. Ол дұрыс емес деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Аяна Сексенова.

– Метроның техникалық қауіпсіздігі жоғары деңгейде екенін байқаймын. Кірген кезде тыңғылықты тексереді. Бірақ көбіне жолаушылардың өзі жол жиегіне шығып, қарапайым ережелерді сақтамайды, – деді қала тұрғыны Степан Бердібеков.

Метрополитен ерекше қорғалатын стратегиялық нысан ретінде қаралады. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнда қоқыс жәшіктері де, сауда нүктелері де жоқ. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған.

Еске салайық, ай басынан бері жолаушылар ағынының артуына байланысты пойыздар арасындағы аралық 5 минут 38 секундқа дейін қысқарды.

Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны қашан аяқталады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир