Бұндай жағдай облыстың үш бірдей ауданында тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында үй құстары жаппай қырылып қалған. Бұндай жағдай облыстың үш бірдей ауданында тіркелді. Оған не себеп? Бүгінгі күні қанша құс қырылды? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Шал ақын ауданындағы Сухорабовка, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Чернобаевка және Тимирязев елдімекенінде шамамен 700 бас үй құсы қырылды. Үй құстары өртеліп, аулаларда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Ветеринарлық қызмет зертханалық тексеріс үшін құстың қаны мен ішкі ағзаларын алған. Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Пастереллез, сальмонеллез және құс тұмауы, ньюкасл ауруы және колибактериоз. Қайсы екенін қазір айтуға болмайды, өйткені белгілері ұқсас. Бұлардың бәрі –инфекциялық аурулар. Яғни құстардың дене қызуы көтеріледі. Іші өтеді, әлсіздік пайда болады, бастарын артқа салады», – деді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Берік әлжанов.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан құс тұмауы өршіген Ресейдің Омбы облысынан құс пен шикі құс өнімдерін енгізуге шектеу қойды. Алайда қиын жағдайға душар болған елдімекендер Ресеймен шекаралас жатқан жоқ.
«Қазір құс қырылған ауылдарды жабуға негіз жоқ. Сараптаманың қорытындысын күтеміз. Диагноз қойылғаннан кейін нақты іс-шаралар қолға алынады. Яғни, бұл елдімекендерді карантинге жабу немесе кіріп-шығуды шектеу бойынша. Өтемақы ауылдар карантинге жабылса ғана төленеді», – деді СҚО Ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Бүгін Петропавлға үй құстарының неден қырылғанын анықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласынан мамандар келді. Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы жағдайды бақылауға алды.