Жантүршігерлік қылмыс: Таразда 15 жасар оқушы планшет үшін қарындасын өлтірген

көрнекі сурет
көрнекі сурет
Көршілерінің сөзінше, ағасы 4-сыныптағы қарындасын ұйықтаған кезінде соққыға жыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында жантүршігерлік қылмыс орын алды. 15 жасар оқушы планшет үшін қарындасын балғамен ұрып өлтірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектептен қашықтан оқу үшін берілген құрылғыға таластың соңы, өкінішке қарай, қазамен аяқталды. Көршілерінің сөзінше, ағасы 4-сыныптағы қарындасын ұйықтаған кезінде соққыға жыққан. Сөйтіп, көшеге шығарып тастаған болуы мүмкін. Себебі мәйіт көше басынан табылған.

10 жасар қыздың денесі мына бағананың түбінен табылған. Түнгі сағат он екілер шамасында жабыла іздеген көршілері мәйітті осы арадан тауып алғанын айтады. Оқушы қыздың ауыр соққы алғаны соншалықты – бас сүйегі жарылып кеткен.

«Ағасы мен қарындасы планшетке таласып, қарындасын үйден шығарып жіберген. Содан кейін қыз далада тапшанның үстіне ұйықтап қалған. Сол жерге келген де балғамен ұрған. Бала балға ұстап жүрген күндіз», – деді  қала тұрғыны Шынар МЫРЗАХМЕТОВА.  

Жантүршігерлік қылмыс Тараз қаласының шеткі аймақтарында орын алған. Қара жамылған жанұя тілшілерге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал, полицейлер аталған іс бойынша күдікті деп, марқұмның 15 жасар туған ағасын таныған. Құзырлылар қылмыскердің кінәсін толық мойындағанын айтуда.

Жүніс Маметқұл, Тараз қалалық №2 Пб бастығының орынбасары

– Күдікті жасаған іс-әрекетін толық мойындап отыр.

– Планшетке таласты деген ақпарат рас па?

– Ондай ақпарат айта алмаймыз. Себебі күдіктінің жасы кәмелетке толмағандықтан, оған қатысты сот-психологиялық сараптама тағайындалады. Сол және басқа сараптамалардан соң, нақты қылмыс не үшін болғаны анықталатын болады.  

Құзырлылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кеткен. Айта кетерлік жайт, қазалы отбасының 5 баласы болған. Қазіргі уақытта үй үлкені күдікке ілініп, қамауға алынса,  екінші перзентін отбасы күні кеше жер қойнына табыстаған.   

Мерей Бает Мейіржан Ерболатов «Алматы» арнасы,  Тараздан

Новости партнеров