Алматыда 466 кәсіпорын жұмысын бастады

almaty.tv
almaty.tv
25 мыңға жуық қызметкер жұмысына қайта оралды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төтенше жағдай аяқталған соң, мамандардан рұқсат алған 466 кәсіпорын іске кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

25 мыңға жуық қызметкер жұмысына қайта оралды. Ашылған мекемелердің 64-і ірі, ал 380-і шағын кәсіпке жатады. Жалпы кәсіпті қайта бастау үшін қандай шараларды орындау қажет?

Алматыда 20 сәуірден бастап шектеулер алынып, бірқатар салаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Тек ашылу үшін аудиттен өту міндеттелді. Санитарлық нормалардың сақталуын арнайы комиссия келіп тексереді. Жалпы тазалығы сақадай сай болса, бір күннен кейін кәсіпті бастауға рұқсат алады.

Жұмысын қайта жандырған кәсіпорындарға қойылатын талап бір. Бастысы – тазалық шараларын қатаң сақтау қажет. Жұмыс беруші қызметкерді медициналық маска мен қолғаппен және нысан ішінде мынандай антисептик орнатуы тиіс. Тіпті кейбір кәсіпорындар мобильді дезинфекциялық жүйені де орнатып жатыр.

«Өтініштер электронды мекенжайға жіберіледі. Берілген өтініштерге сәйкес жұмыс органы шығады да акт береді. Яғни, жұмысын жандандыруға рұқсат беріледі. Аудитке өтініш берілген сәттен бастап, бізде жұмыс органы бар. Олар хабарласады. Кәсіпорынның дайындығын сұрастырып, біліп, жұмыс органын жібереді», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Дарқан САҒЫНБЕКОВ.

27 жылдық тарихы бар бұл компания компьютер құрастырып, күрделі IT жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Бас-аяғы 400 шақты жұмысшы істейді. Бірақ қазір 120-дан астамы ғана қажеттілік туған соң қызметке кіріскен. Компания мамандарын жұмысқа келген бойда дене температурасын өлшеп, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтиды.

«Біз тазалық шараларына ұқыптылықпен қараймыз. Бір жұмыс күніне әр адамға үш маска мен үш медициналық қолғап беріледі. Жалпы қажет болса, кезекші медбикеден алуына болады. Компания 4 мың маска сатып алды. 30 шақты санитайзер, 4 тепловизор да сатып алған. Барлығы бізде бар», – деді «Logicom» компаниясының бірінші вице-президенті Юрий ХАКИЛИДИ.

Бұл санитарлық талаптарды кіреберістен бастап сақтайтын күрделі бетон құрылымдарын жасайтын зауыт. Онда 600-ден астам жұмысшы бар. Оның 400-ы өнеркәсіпте істейтіндіктен жұмыстарына кіріскен.

«Біз 5 мың маска, 5 тепловизор сатып алдық. Сондай-ақ, киімді дезинфекциялайтын құрылғыны кіреберіске орнатып қойдық. Жұмысқа келгеннен бастап жасауы тиіс алгоритмді бекіттік. Күніне екі рет ішкі тәртіпті медбикелер тексеріп кетеді. Олар жұмысшылардың жалпы жағдайын, дене қызуын өлшейді. Бетін ары қылсын, бірақ карантин аймағын да қарастырып қойдық. Тиісті шаралардың барлығы орындалды», – деді  «Акқз» ЖШС бас директоры Шухрад ШАРДИНОВ.

Ал, бұл кәсіпорын ұшқыштар мен танк жүргізушілерін дайындайтын әскери жаттығу құралдарын әзірлейді. Төтенше жағдай аяқталып, жұмысқа қайта кіріскен олар тың идеямен келген. Бірақ жеке бастың тазалық шараларын да ұмытпаймыз деп отыр.

«Біз жұмысқа қайта оралып, тың дүниелерді жасауға ниеттеніп жатырмыз. Қазір біраз жобаларымыз бар. Қажет болса, біз коронавирустан қорғайтын көзілдірік, сараптама арналған медициналық кейбір құралдарды шығара аламыз. Қазір сатып алушылардан ұсыныс күтіп жүрміз. Бастысы, енді тазалықты сақтап, жұмысты жалғастыру ойымызда бар», – деді  «Алматыэнергосервис» ЖШС бөлім басшысы Иван КАЗЕЕВ.

Бүгінгі таңда 25 кәсіпорын жұмысын қайта жандандыруға рұқсат сұрап, аудиттен өтуге өтінім қалдырыпты. Ал мамандар кесте құрып, енді нысандарды біртіндеп аралап шықпақ. Егер олқылықтар жоқ болса, жуық арада ашылады дейді. Жандануды күткендер арасында автомобиль құрастырып, киім тігетін және жиһаз жасайтын алып зауыттар бар.

Жадыра Омаржан, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров