Шарын шатқалындағы табиғи апаттан зардап шеккен бір науқас үйіне шығарылды. Ол қазір дәрігерлердің бақылауымен амбулаториялық ем қабылдауда, деп хабарлайды Almaty.tv
Ал 11 жасар оқушы Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасына ауыстырылды. Оқыс оқиға болған күні олар Ұйғыр аудандық ауруханасына жеткізілген болатын.
«Алматы облысы Ұйғыр аудандық ауруханасына Шарын шатқалында зардап шеккен 6 науқас түскен болатын. Оның төртеуі ересек, екеуі мектеп оқушысы. Ересек адамдардың барлығы амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Екі оқушы қазір Алматы аймақтық ауруханасында ем қабылдауда. Жағдайлары орташа ауырлықта», – деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Еске салайық, 29 мамыр күні Шарын шатқалында толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан сел жүріп он шақты адамды ағызып кеткен болатын. Жоғалып кеткен оқушы қыз келесі күні табылған еді. Ол қаладағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің хабарлауынша, жағдайы орташа ауыр. Оқыс оқиға кезінде 2 адам көз жұмды.