Алматыда өрт сөндірушілер 14 жастағы қызды өрттен құтқарды

20.08.2022 01:33

Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз

Almaty.tv

Алматыдағы үйлердің бірі отқа оранғанда оқиға орнына аттанған төтеншеліктерге көлік жүргізушілері жол бермеген. Бұл туралы 14 жастағы қызды апаттан аман алып қалған өрт сөндірушілер мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алапат өрт туралы хабар өрт сөндірушілерге таң сәріде хабарланған. Бас сауғалаған куәгерлер сол сәтте үйде адам қалмады деп ойлаған. Алайда оқиға орнына жеткен құтқарушылар отты сөндіріп әлек болып жүргенде 14 жастағы қыздың қауіпті жерде қамалып қалғанын анықтаған.  

«Терезесінен қызды көріп қалдым. Сол сәтте уақыт жоғалтпайын деп, кіретін басқа жерді іздей бастадым. Үйді айналдым. Терезені сындырдым. Қызды тезірек алып шығу керек болды. Себебі түтінге уланып қалса, мұның соңы қайғылы аяқталар ма еді?», – деді мамандандырылған жасақтың аға инструктор-құтқарушысы Мұратжан Мурадилов.

Жасөспірімнің жағдайын білу мақсатында оқиға орнына біз де барып көрдік. Алайда ондағы жұрт сұқбат беруден бас тартты. Өртенген үйдің шатырынан түк қалмаған. Астыңғы бөлігі де жарамсыз. Қызды  аман алып қалуға тырысқан құтқарушылар бар амалды қарастырды. Олар арнайы техниканың көмегімен темір есікті бұзды.

«Қыз шыққанда шошынып қалған. Біз оны жедел жәрдемге апардық. Олар қарады. Қыздың жағдайы жақсы. Аман-есен екенін айтты», – деді Жетісу ауданы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ерғали Андосов.

Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Төтенше жағдайлар департаменті қызыл жалынның тұтануына «тоқ сымындағы ақау себеп болуы мүмкін» дейді. Ал түгі қалмай жанып кеткен үйде тұрғандардың айтуынша, үй олардың уақытша баспанасы болған көрінеді.

Оразай Нұртай, Мейрам  Исабеков, «Алматы» телеарнасы