Жаңалықтарымызды жалғастырамыз. Алматыда соңғы 11 айда қылмыс деңгейі 47,8 пайызға төмендеген. Ал, модульдік үлгідегі полиция бекеттері орнатылған аймақтарда ұрлық пен бұзақылық секілді заң бұзушылықтар орта есеппен 60 пайызға азайған. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді. Жалпы шаһарда орнатылған қоғамдық полиция бекеттері жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң нәтижиеге жетіп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Ермек Өтепов полиция департаментінде аға лейтенант болып 12 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2 жылдан бері Тұңғыш президенті саябағында орналасқан мобильдік полиция бекетінде жұмыс істеп жүр. Тәртіп сақшысының айтуынша, бұған дейін кей азаматтар саябақтың тыйым салынған жерлерінде алкогольді сусын ішіп, бұзақылық жиі болатын еді дейді. Бірақ, осындай полиция бекеті орнатылғалы, ұсақ қылмыстар сап тыйылған.
Модульдік полиция бекеттеріндеде тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет көрсетеді. Күзет орнында таңғы сағат 8-ден кешкі 20:00-ге дейін азаматтардың өтініші қабылданады. Сондай-ақ, іргелес аумақтарда азаматтарды түрлі қауіптен қорғау мақсатында патрульдік қызметтің кезекшілігі де ұйымдастырылған. Мұндай модульді полиция бекеттері, әсіресе, құқық бұзушылықтарға неғұрлым бейім аумақтарда орналасқан және азаматтардың өтініштеріне полицияның уақытылы және сапалы әрекет етуін қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, полиция бекеттері қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен орнатылған. Былтыр қараша айында шаһар басшысы бұл нысандардың жұмысын арнайы барып та бақылаған еді. Бүгінде қалада жалпы 41 стационарлық модульдік бекеттер құрылған. Оның 4-еуі туристік полиция қызметі болса, 37-сі ең криминагенді аймақтарға қойылған. Бұдан кейін қала көшелерінде болатын ұрлық қарлық, тонау фактілері азайыпты.
«816 өтініш бойынша жауапты шаралар қабылданды. 949 азаматқа заңгерлік көмек және кеңестер берілді. Жалпы осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қаладағы қылмыс жағдайы барлық бағыттар бойынша 47,8 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, модульдік бекеттер орнатылған жерлерде қылмыс деңгейі орта есеппен 60 пайызға төмендеп отыр», – қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов.
Ал, дәл осы бекеттерде отыратын тәртіп сақшыларына алматылықтар 7 мыңнан астам өтініш тапсырған. Нәтижесінде 43 сотқа дейінгі тергеу басталып, 2200 әкімшілік іс қозғалған.
БЛИЦ:
- Жақын жерде орналасқандары негізі дұрыс. Полиция пунктіне барып, тездетіп хабарлағанға жақсы.
- Ұрлау болады, тонау болады. Сондай жағдайда біреу көмектесе алады да. Ал, алыс жерде болса, телефон арқылы шақырсан 2 сағатта келуі мүмкін.
Айта кету керек, мереке және демалыс күндері учаскелік және потрульдік полиция қызметінің жұмысы күшейтілмек. Ал, 2021 жылы сәуір айында тағы да дәл осындай қосымша 7 модульдік үлгідегі полиция бекетін орнату жоспарланған.
Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы