|
18.08.2023 | 20:34
3625

Шахтадағы өрт: депутаттар компания құрылтайшыларын жазалауды талап етіп отыр

Ерлан Саиров «АрселорМиттал Теміртаудағы» апаттан оның құрылтайшылары еш сабақ алмайтынын атап өтті

Шахтадағы өрт: депутаттар компания құрылтайшыларын жазалауды талап етіп отыр Almaty.tv

Қазақстандық депутаттар «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының құрылтайшыларын жазалауды талап етіп отыр. Мәжілісмен Ерлан Саиров «аталған кәсіпорынның иелерімен келісімшартты бұзып, елден қуу керек» дейді. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті егер сот шынымен басшылықты кінәлі деп тапса, қазіргілердің жауапқа тартылатынын айтты. Ол кезде апатқа кінәлілер 7 жылға дейін қамалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Апаттан көз ашпаған «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны адамдар ақша табуға барып, табытпен оралатын орынға айналғандай. Аталған компанияда 2021 -2022 жылдар аралығында 5 апат болыпты. Оқыс оқиғадан 20 адам көз жұмған. 12 кенші жарақат алды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «АрселорМиттал Теміртаудағы» апаттан оның құрылтайшылары еш сабақ алмайтынын атап өтті. Мәжілісмен «кеншілерге күпірлікпен қараған кәсіпкерлермен ат кекілін кесісу керек» дейді.  

– Апатқа компанияның құрылтайшылары жауап беруі керек. Ал олардың барлығы Лондонда отыр. Қазақстан азаматтары өмірінің олар үшін бір тиындық құны жоқ. Сондықтан біріншіден, компанияның құрылтайшылары жауапқа тартылуы керек. Екіншіден, жіп қанша күрмелсе де, үзіледі, оларды Қазақстаннан қуу керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Өрт болған «Қазақстан» шахтасында бүгін үшінші кеншінің денесі табылды. Тағы екі маман әлі іздестіріліп жатыр. Құтқарушылар жер астында қалып қойған кеншілерге жете алмай жатыр екен. Оның үстіне қатты ыстық адамдарды іздеуге кедергі келтіруде.

– Олар жоғарыдан көмек күтіп, қалып қойған болуы мүмкін. «Жұмысшылар неге шықпады?» деген сауал туындайды. Себебі олар құтқарушылар жете алмайтын жерде болған. Ол жақта температура өте ыстық. Сонымен қатар қою түтін де адамның қозғалуына мүмкіндік бермей отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында 170-ке жуық заң бұзылғаны анықталған. Төтеншеліктер олқылықтар үшін заңды тұлғаға айыппұл салған. Сондай-ақ үш нысанның жұмысын тоқтату үшін істі экономикалық сотқа жолдаған. Кешегі өрттен кейін өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тағы тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде былтырғы заңбұзушылық толығымен жойылмағаны белгілі болды.

– Былтыр қараша-желтоқсанда тексеріс жасалған. Мамандар анықталған заңбұзушылық адам өміріне қауіп төндіретінін дәлелдеген. Кешегі апаттан соң сот бүкіл заңбұзушылықты ретке келтірмейінше, шахтаның жұмысын бастауға тыйым салып тастады, – деді ҚР ТЖМ облыстық Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департамент басшысының орынбасары Кеңгірбай Есенеев

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстан шахтасында болған апатқа қатысты жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар «зардап шеккен кеншілерге қажетті көмек көрсетілуі тиіс» деді. Президент шетелдік компанияларға тиесілі кәсіпорындарда апат жиілеп кеткенін айтты. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен келіссөздер жүргізуге пәрмен берді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Қазақстан» шахтасында үшінші кеншінің денесі табылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир