Шымкентте атышулы автобус апатына қатысты сот отырысы басталды. Алты адамды қағып, бес адамның өлімімен аяқталған қайғылы оқиғадан кейін қара жамылған отбасылар әлі ес жимаған. «Перзентімізден айырылдық» деген ата-аналар оқиғаға жүргізуші мен автобус паркін кінәлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сот залында көз жасын тыя алмаған азаматтар – Шымкентте автобус апатынан мерт болған жүргіншілердің жақындары. Бағдаршам жанында жайбарақат тұрған олардың қыздарын басқарусыз қалған автобус жаншып кеткен еді. Оқиға орнында 3 адам жан тапсырса, 2 адам ауруханада жантәсілім еткен. Содан бері есеңгіреп қалған ата-аналар атышулы іске қатысты алғашқы сот отырысына келді.
– Мен автобус жүргізушісінің кінәсі деп ойлаймын. Жазықсыз қызымнан айырылдым. Асыраушым еді. Қатаң жазасын алсын. Ол жазықсыз дегенге сенбеймін, – деді марқұм Азадхан Отаппулаеваның анасы Алтынай Тұңғатаева.
– Бәріміз пендеміз, қателеспейтін адам жоқ. Бірақ өз жұмысына тыңғылықты қарамай ма? Бес адам көз жұмды, екі қыз оқушы ғой. Жаңадан келген автобусты тексеріп, шығаруы керек қой, – деді марқұм Айсана Тұрымбетованың ағасы Әбдірайым Алтынбекұлы.
Өзі тізгіндеген №21 қоғамдық көлікті жолда қалдырып, дәретханаға кеткен Хайрулла Юлдашевтің үстінен 345-бап бойынша іс қозғалды. Сот барысында 5 баланың әкесі, 49 жастағы жүргізуші кінәсін мойындады. Ал адвокаты «кінәрат автобустан да кетуі мүмкін» дейді.
– Автобус күні бойы жүргенде тежегіш қызып, істемей қалуы мүмкін. Қазіргі таңда жәбірленуші тарап «Автопарк басшысы бізге келіп, кешірім сұрап, әрқайсымызға 5 млн теңге берді, ешқандай шағым жоқ, моральдық, материалдық өтемақы төленді» деп отыр. Егер автопарк кінәлі болмаса, 5 млн теңгені не үшін береді? – деді сотталушының адвокаты Бақытжан Сатыпалдиев
Автобус апатынан аман қалған жалғыз Дариға Сейдалиева мүгедектікке қол жеткізе алмай жүр. Осылай деген оның адвокаты сотталушыдан моралдық және материалдық шығын ретінде 6 млн 300 мың теңге сұрады. Бойжеткеннің көзінің көруі нашарлап, миы мен омыртқасына да зақым келген. Ол әлі күнге дейін аурухана табалдырығын тоздырып жүр.
Ал 6 адамды қағып 5 адамның жаны қиылған автобус апатына қатысты келесі сот отырысы 27 қыркүйекте өтеді.
Оразай Нұртай, Илдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: «Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған: іске қатысты тергеу басталды