|
20.09.2023 | 20:23
4153

Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған: іске қатысты тергеу басталды

Қабырғасы қайысып, тауы шағылған отбасы 64 жастағы әкесін жер қойнына тапсырды

Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған: іске қатысты тергеу басталды Almaty.tv

«Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған». Алматы облысы Талғар ауруханасында әкесінің сүйегін алып кетуге келген жақындары туралы дәрігерлер осылай дейді. Ал осы дауда қатты соққы алып жансақтау бөліміне түскен 21 жастағы анестезиологтың әпкесі «оның еш кінәсі жоқ еді» деп жылап отыр. Бұл тұста 64 жастағы әкесін бүгін жер қойнына тапсырған азаматтардың да айтары бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жақынынан айырылған азаматтар жансақтау бөлімінің есігін бұзып, дәрігерлерді ұрып, мәйітті артқы есік арқылы алып шығып кеткен. Ал соққы алған дәрігерлердің бірі қазір осы жансақтау бөлімінде жатыр.

– Медициналық төсек арбамен сүйреп келе жатқанын ғана көрдік. Мұрны сынған, үсті-басы түгел қан. Ал таңғы сағат 08:00-де жұмысқа келген жігіттің ешқандай кәнісі жоқ еді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр, – деді зардап шеккен дәрігердің әпкесі Лаура Айтжанова.

Ақ халаттылардың айтуынша, жедел жәрдем жеткізген 64 жастағы азамат аруханаға жүрек талмасымен түскен. Содан жансақтау бөлімінде жүрегі тоқтап, жақындарына естіртіпті.

– Біздің медперсоналдарды ұрып, ойына келгенін істеп, әкесінің мәйітін алып кетті. Бірақ заң жүзінде анықтама берілуі керек. Трансмуральды инфаркт, ол ЭКГ нәтижесінде де көрінді. Олардың басты талабы – мәйітті тез беру, – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалымжан Есенәлиев.

Қабырғасы қайысып, тауы шағылған отбасы 64 жастағы әкесін жер қойнына тапсырды. Олар «сап-сау жүрген азаматқа дұрыс көмек берілгенде, мүмкін тірі жүрер ме еді» дейді. Ал даулы оқиғаны былай деп түсіндірді.  

– Бетіне күліп қарап, «өліп қалды, болды» депті. Мен туған баласымын. Ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Бірақ алғашқы көмек көрсетілмеген, себебі «дәрігер жоқ» деді. Менің бірінші балам да осы ауруханада шетінеп кеткен, – деді баласы Ақжол Бақытұлы.

– Олар уақытында мәйітті бермегеннен кейін, қызулықпен қол көтерген. Біріншіден, сол дәрігерден кешірім сұраймын, қандай жағдай болса да, мемлекеттік қызметкер ретінде дәрігерге ешкім қол көтермеуі керек еді. Ол – қарапайым жұмысшы, мәселе жоғарғы жаққа тіреледі, – деді марқұмның інісі Мұрат Шорманов.

Ал аталған іске қатысы бар деп күдікке ілінген қос азаматты әкесін жер қойнына тапсыра сала, полиция ұстаған. Қазір оларды уақытша тергеу изоляторына қамаған. Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін мүлкі тәркіленіп немесе 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іске қатысты тергеу басталды.

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған: министрлік мәлімдеме жасады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир