Пойыз бен автокөлік соқтығысы: Көлікте отырған жолаушы бас-ми жарақатын алған

Almaty.tv
Almaty.tv
Облыстық полиция департаменті тексеру жұмысы басталғанын хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында пойыз бен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам жарақат алды. Кептелісте тұрған автокөлік жүргізушісі тепловоз келгенше жолдан өтіп үлгермек болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы уақытта 35 вагонымен келе жатқан жүк пойызының машинисі шұғыл түрде тежегішін басқанымен үлгермеген. Бұл – облыстық маңызы бар Алматы-Боралдай-Шамалған-Ұзынағаш тасжолы. Күре жолды кесіп өтетін поезд жолдың кесірінен күнде таңертең кептеліс туындайды. Онсызда сағаттап жол үстінде уақыт өткізетін жүргізушілер кейде жолдың жиегімен, тіпті, қарсы жолақпен де зуылдайды. Дәл бүгінгі болған оқыс оқиға да кептелістің кесірі.

Үйінен ерте шығып, жұмысына кешігіп қалмайын деген түрғындар кептелісті айналып өткісі келеді. Жүргізушілердің айтуынша, 2 шақырым жолға 2 сағат уақыт кетеді. Ал бүгінгі оқыс оқиға таңғы сағат 06:00  болған. Машинстің мәліметінше, жол апатына көлік жүргізушісінің жол ережесін сақтамауы себеп.  

«Көлік жүргізуші кінәлі. Арнайы белгі бердім, жол жиегінде арнайы белгі тұр. Тоқтамай өтуге болмайды. Кез келген переезде жан-жағына қарап,тоқтап өту керек. Бұл тоқтамай өтіп кетті», – деді жүк пойызының машинисі Мұхамедқали Зейнолдин.

Жол 2-Жылу электр орталығына тиесілі, ал тепловозға жеке компания иелік етеді. Олардың айтуынша, таңертең және кешкі уақыттарда мұнда көлік ағыны өте көп.

«Бәрі ойлайды бұл переездің кесірі деп. Негізгі кептелістің басы Момышұлы көшесінде орналасқан бағдаршамнан басталады. Сол маңда жол тар. Ол жақ босағанда біздің переезде босайды», – деді «Dar company-2008» компаниясының өкілі Айдын Байрақов.

Апат кезінде жеңіл көлікте екі адам болған. Оның бірі – жүргізуші және 29 жастағы әйел. Салдарынан келіншектің бас миы шайқалып, жараланған.

«Науқастың жағдайы орташа ауыр. Таңғы сағат 07:00 шамасында травматологиялық бөлімшесіне келіп түсті. Апат салдарынан оның бас миы жарақаттанған, миы шайқалған», – деді Қарасай аудандық орталық ауруханасының травматологиялық бөлімінің меңгерушісі Алтай Достияров.

Ал, көлік тізгіндеген жігіттің туысы темір жол жанында ешқандай ескерту болмағанын айтады. Тек пойыздың ақырын келгенінен ғана адам аман қалған.

«Күйеу балама айтсам маған ешкім ескерту берілген жоқ дейді.  Тоқта десе, соқыр адам да тоқтайды ғой. 100 метрге дейін сүйреп әкелген машинаны. Құдай сақтаған, өзін бала шағасын», – деді Сейітқазы Хантеміров.

«Облыстық полиция департаменті болған жайтқа қатысты тексеру жұмысы басталғанын хабарлады. Ал, апатқа қатысты кімнің кінәлі болатыны кейін белгілі болмақ. Қазір теміржол өткелі көлік қозғалысы үшін ашық. Пойыз құрамы басқа локомотивтің көмегімен бірден жолдан шығарылған», – деді Қарасай ауданы әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Бақтияр Тайбеков.

Үмбетәлі Меймеш, Мұратбек Алмасхан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров