Жыл басынан бері қазақстандық интернет-кеңістікте қаржы пирамидаларының қызметі туралы жалған жарнаманың 600-ге жуық фактісі анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақпарат комитеті әлеуметтік желілер әкімшілігіне 48 ескерту жіберген. Алайда мәселе шешілмеген. Нәтижесінде алаяқтар саны күн сайын артып келеді. Өйткені олардың жолын кесер нақты Заң жоқ. Ал Мәжілісте қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасы әлі әзірленіп жатыр.
Бұл – интернет алаяқтардың қарапайым халықтың қаражатын жымқыру үшін ойлап тапқан жаңа жолы. Олар танымал тұлғалар мен компаниялардың атын жамылып, банктердің логотипін еркін пайдалануға көшкен. Бір қызығы, барынша сенімге кіру үшін инвестицияларға арналған жобаларды Үкімет немесе ел Президенті іске қосқан деп жарнама жасаудан тайынбайды. Сондай-ақ Әлия Назарбаева, Нұрлан Сабуров, Геннадий Головкин сияқты белгілі адамдар ақша салған деп қызықтырып қояды. Қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембай өзінің атын түрлі жарнамаларда пайдаланып жүрген алаяқтармен күресіп шаршадым дейді.
«Бұл - жалған жарнама. Қорғаушыларым «мен инвестициялармен пайда табамын және өзгелерге миллион доллар табуды ұсынамын» деген мазмұндағы 300-ден астам жалған жарнаманы тоқтатты. Әсіресе, соңғы кездері қаптап кетті мұндай алаяқтар», – деді кәсіпкер Марғұлан Сейсембай.
Жалған жарнамаларды ақпарат комитеті бақылайды және анықтайды. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілер ғана емес, барлық интернет-кеңістік үздіксіз және тәулік бойы тексеріледі. Соңғы 5 айда қазақстандық әлеуметтік медиада олар қаржы пирамидаларын жарнамалаудың 600 дерегін, алаяқтық белгілері бар жалған ақпаратты қамтитын 109 бұзушылықты анықтаған.
«Әлеуметтік » әкімшілігіне 620 заңға қайшы материалға қатысты 48 ескерту хаты жолданды. Олар: Instagram - 323; Youtube - 186; Facebook - 61; Telegram- 43; Vkontakte - 6; TikTok - 1. Бүгінгі таңда ел аумағында 46 материалға шектеу қойылды, әлеуметтік желілер әкімшігі 52 заңға қайшы материалды алып тастады»– деді ҚР АҚДМ Ақпарат комитеті БАҚ бақылау басқармасының басшысы Айнаш Қойшыбаева.
Айнаш Қойшыбаеваның айтуынша, еліміздің аумағында 100-ден астам жарнама ролигіне қол жеткізу шектелген. Олардың біреуін Instagram әкімшілігі өшірген. Бірақ 6 материал, өкінішке қарай, әлі де қол жетімді. Мамандар интернет-алаяқтарды жазалайтын заң әлі солқылдақ дейді.
«Қолданыстағы заңнамада қаржы пирамидаларын жарнамалау үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Мәжілісте қаржы пирамидаларын жарнамалау үшін жауапкершілік көзделетін заң жобасы әзірленуде», – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Әзірге заң жобасы әзірленіп жатқанда, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар қырағы болу керек. Мемлекеттік органдардың ресми көздеріне ғана сеніп, сайттарындағы ақпаратты тексерген жөн.
Асылбек Тойбек, Мира Альжанова, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан