Кім кінәлі: Ұлытау облысында тұрғындар мен мекеме қызметкерлері арасындағы дау қылмысқа ұласты

Almaty TV
Almaty TV

«Охотзоопром» қызметкерлеріне күш қолданғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар кентінде тұрғындар мен мекеме қызметкерлері арасында дау туып, соңы қылмысқа ұласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кенттегі азаматтар мен «Охотзоопром» қызметкерлерінің былай жаға жыртысуына өлекселердің өріп жатуы себеп болған. Тұрғындардың сөзінше, мекеме мамандары өңірдегі киіктерді қырып тастаған. Ал аңды қорғаймыз деген тұрғындар кінәлі деп танылыпты. 

Басы бұғауға түскелі тұрған азаматтардың сөзін сөйлеген ауыл жұрты мекеме қызметкерлері буаз киіктерді қырып жатқан сәтте 4 жігіттің араша болмақ болғанын айтты. Жанжал да содан туған. Ал полиция өкілінің айтуынша, сол төртеудің қамауға алынуына жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлар мен қорықшының арызы себеп болған. Өйткені кент азаматтары осы аталған қызметкерлерге күш қолданды деген күдікке ілініп отыр.

 – Биыл 16 қаңтарда криминалдық полиция қызметкерлері Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Қызылжар кентінде 31-35 жасқа дейінгі 4 тұрғыны ұсталды. Олар «Охотзопром» қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай  күш қолданғаны белгілі болды. Сонң салдарынан екі қызметкер дене жарақатын алды. Күдіктілердің төртеуі де ұсталып, қамауға алынды, – деді Полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары Дархан Жолданов.

«Охотзоопром» қызметкерлеріне күш қолданғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Азаматтарға араша сұрап, жазықсыз жұрт сотталмасын деген ақсақалдар кеңесі мен ауыл тұрғындары қазір жаппай үндеу жасап отыр.

Мәселенің анық-қанығын білмек мақсатпен даудың басы болған «Охотзоопром» мекемесіне хабарластық. Мұндағы мамандардың сөзінше, киікті атуға тек арнайы құжаты бар әрі уақытша келісімшартқа отырған тұрғын ғана құқылы. Ал мекеме өкілдері оларды бақылауға міндеттеледі. Елдің есін алып, мұңына айналған оқиғаға қатысты пікір білдірген қызметкерлер сол күні ауыл жігіттерінің мас күйде тиісіп, қолдағы қаруға жармасқанын айтты. Ал жазықсыз қырылып, қан-жоса болып жатқан киіктің обалы кімге, оны атуға ресми рұқсат бар ма деген сауал жауапсыз қалды.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Көлігін жалға берген алматылықтар арыз жазды

Новости партнеров