Алматы – Бішкек тасжолында келіншекті қағып кеткен 21 жастағы жүргізуші қамауға алынды. Ал марқұмды бүгін Алматы облысындағы Қасымбек ауылында жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Қаза болған келіншектің артында екі кішкентай қызы қалды. Ал тасжолда тәртіп орнауы үшін қанша адам өлуі керек деген ауыл тұрғындары бүгін базынасын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасымбек ауылы бүгін қара жамылып, кеше ғана қара жолда қағып кеткен ауылдастарын ақтып сапарға шығарып салды. 31 жастағы марқұмның артында екі баласы қалды. Кішкентайы әлі емшектен де шықпапты.
«Басы сынып кеткен. Соққы тиген аяғы кері қайырылып, денесі айналып кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, сау жері қалмаған. Соққан көліктің тізгінінде 21 жастағы жігіт болған. Не куәлігі, не көлік жүргзуге құқығы болмаған. Көліктің иесі қасында, жолаушылар орындығында отырған», - дейді марқұмның қайын інісі Берікжан Перенов.
Мына бейнеден желігі басылмаған жүргізушінің «Лексус» көлігімен жүргіншілер жолағымен кетіп бара жатқан келіншекті қағып өткенін байқауға болады. Маңайына жалтақтап қарап, рұқсат етілген жерден абайлап өткен келіншекті ол байқап та үлгермеген секілді. Үлкен жылдамдықпен жүйткіп келген көлік адамды қағып ұшырып, екі жүз метрге барып әзер тоқтаған.
Қасымбек ауылының тұрғындары «қанды жол» атап кеткен бұл жаяу жүргіншілер өткелінде осыған дейін бірнеше адамды көлік қағып мерт қылыпты. Ал желіге тараған видеода 31 жастағы көліншек дәл сол маңнан үйіне қайтып бара жатқан екен.
«Мен өзім таксистпін, кеше бір жас қыз екіге бөлініп кетті. Кім баласының жолда екіге бөлініп шашылып жатқаны армандайды, айтыңызшы? Жүректің жарылғанын көрсең... Ол бөтен кісі болса да, сол көріністі көргенде денеміз түршігіп кетті», - дейді такси жүргізушісі Марат Исабеков.
Алты айда алты адамды көлік басып кетті деген Қасымбек ауылының тұрғындары мұндағы жолға жерүсті өткелін салып берсе деп мұң шақты. Өйткені ауыл халқы дәл осы қауіпті өтпелден өтіп қалаға жұмысқа қатынайды. Енді бірі кішкентай баласын мектепке апарады.
Тұрғындардың айтуынша, бұл маңда салынып жатқан өтпелі көпір құрылысы басталғалы бірнеше жыл болған. Алайда бұл көпір аяқталғанша, талай адам өмірі қиылды деп отыр.
«Аудан орталығына жылдамдықты шектейтін камераға ұсыныс береміз. Бүгіннен бастап полиция күзетінің назарын осы жерге ерекше аудартамыз. Жол апатының алдын аламыз», - деді Жамбыл аудандық полиция бөлімшесінің жергілікті полиция капитаны Дамир Қожахметов.
Ал Қасымбек ауылы тұрғындары қайғылы жағдай қайталанбас үшін күдіктіні қатаң жазаға тартуын сұрайды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалып, көлік автұраққа қойылды. Сондай-ақ тексеру барысында күдіктінің танысының көлігін қажетті құжаттарсыз басқарғаны анықталды», - деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.
Жергілікті билік өкілдері аталмыш жағдайды ескеріп, дереу сақтық амалдарын қарастырамыз деп сендірді.
Әлібек Шынтемір, Мұратбек Алмасхан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы