Наурызбай ауданында мобильді топ рейд кезінде бірнше нысанды тексерді

30.05.2020 02:34

Карантин режимін бұзған бір дүкенге әкімшілік хаттама толтырылды

almaty.tv

Бүгін Алматының Наурызбай ауданында карантин режимін бұзған бір дүкенге әкімшілік хаттама толтырылды. Мобильді топ рейд кезінде алты нысанды тексерді. Олқылық жібергендеріне ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал әрекетінен сабақ алмағандарды жазалады. Қалада саудагерлердің өзі неліктен маска тақпайды? Олар қандай желеу айтты?

Бұл дүкенде сатылымдағы нанның беті ашық-шашық жатыр. Қолға арналған антисептик терезе жуатын ыдыстың босаған бөтелкесіне құйылған. Саудагер масканы бетіне емес, мойнына іліп алыпты. Қолында медициналық қолғабы да көрінбейді. «Шұғыла» ықшам ауданында орналасқан азық-түлік дүкенінен бірнеше қателіктер анықталды. Мамандар кәсіпкерге түзелуге мүмкіндік беріп, ескерту жасады. Мобильді топтың келгенін көрген саудагер ас атасын бірден целофанға салып, абыр-сабыр болды.

Ал бұл дүкенде жағдай одан да сорақы. Қос сатушы маскасыз емін-еркін халыққа қызмет көрсетіп жүр. Медициналық қолғап туралы айтудың өзі артық. Нысанның сыртында бетпердесіз кіруге болмайтыны жөнінде мағлұмат пен антисептик құралы жоқ.

Мамандар карантин ережесіне пысқырмаған дүкен иесіне әкімшілік кодекстің 462-бабы бойынша хаттама толтырды. Ары қарай, іс сотқа жолданады. Шағын кәсіпкер 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Сондай-ақ, ол мемлекетке тиесілі жерді басып алып, құжатсыз қосымша нысан салуды бастаған. Оған да Наурызбай ауданы әкімдігі ескерту жасап кетті. Нысан иесі жағдайды реттеуге уәде берді.

Одан соң мамандар қос тамақтану орнына бас сұқты. Аудиттен кейін ашылған кафелерде барлық талаптар сақталған. Қызметкерлердің таңертең жұмысқа келгенде дене температурасы тексеріледі. Тамақтану орны кешкі 22-ден 20 минут кеткенде жабылады екен. Кейін жұмысшыларды көлік үйлеріне тасиды.

Кейін мобильді топ тәттілер сататын дүкенге де кірді. Онда да қателік табылмады.

Карантин кезінде жұмыс істейтін дүкен ішінде арақашықтықты сақтайтын мынандай сызық сызылуы тиіс. Міндетті түрде маскасыз кіруге болмайтыны туралы ақпараттық хабарлама болғаны және де қолды залалсыздандыратын антисептиктің болғаны жақсы.

«Бүгінгі күнде 115-тей обьекті рейдтік тексерістен өтті. Енді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 3 нысанды жаптық. Көлік жуу, қоғамдық тамақтану орны бар», – деді  Наурызбай ауданы Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Ерлан ЗАУРБЕКОВ.

Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасады. Ал, жұмысын қайта бастаған орындарға рейд күн сайын жалғаса беретін болады.  

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы