Алматының қос ауданында шетелдік құрылыс компаниясы 100-ден аса жапырағы жайқалған ағашты кесіп тастады. Белгілі болғандай, олардың қолдарында жасыл желекті кесуге рұқсаты жоқ. Заңсыздық арнайы топтың тексеруі кезінде анықталды. Енді табиғат жанашырлары осындай әрекеті үшін жазаны қатаңдатуды талап етіп отыр. Экологиялық дау туралы келесі бейнематериалда.
Бостандық ауданындағңы бұл қоршалған аумақта болашақта алып тұрғын үй кешені салынады. Құрылысты бастамас бұрын компания алдымен айналадағы жасыл-желекті түбімен қиратудан бастаған. Олар ешкімнен рұқсат сұрамастан жасыл-желекті тамырымен қосып, сүріп тастаған. Ал табиғатқа жанашырлар бұл әрекет заңсыз деп ашулы.
«Кім оларға сап сау ағаштарды дәл осылай отап тастауға рұқсат берді? Олар сүрместен бұрын мамандармен ақылдасуы керек еді. Рұқсат сұрау қажет. Бұлай кім жасады? Кім жауап береді? Енді кәсіпкерлікке мараторий жарияланды екен деп, кез келген компания өз білгенін жасай ма? Мен кінәлі тарапты жауапкершілікке тарту керек деп санаймын. Мемлекет басшысы деңгейінде жасыл желек қорын құтқаратындарға жазаны қатаңдатуды сұраймын», – деді эколог Тимур Елеусізов.
Экологтар, табиғатты қорғайтын полиция қызметкерлері және қалалық Жасыл экономиканың өкілдері оқиға орнына барды. Жаппай ағаш сүріліп жатыр деп дабыл қаққан халықтың сөзіне көз жеткізді. Анықталғандай, құрылыс компаниясы рұқсатсыз 30-дан аса ағашты сүріп тастапты. Нысан басшылығы оқиға орнында болмай шықты. Сондықтан жауапты жұмысшыға беруге тура келді.
- Сонда рұқсатсыз кесе салдыңыздар ма?
- Рұқсат бар, болуы керек.
- Рұқсатты бізге Жасыл экономика басқармасы береді. Сіздерге ешқандай рұқсат берген жоқпыз.
Бұл сорақы жағдай Медеу ауданында да қайталанған екен. Тексеру тобы мұнда да құрылысқа кіріскен компания жаппай ағаш сүруге кіріскен. Онда да ұйымның өкілдері болмай шықты. Көп жағдайда кәсіпкерлер заңсыз әрекеттерін мойындаудан қашады. Ал мамандар рұқсат алудың қажеттігін айтады.
«Басқармаға ағаш кесу бойынша өтініш хат түскен жоқ. Және тиісінше рұқсат қағазы берілген жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, рұқсатсыз жасыл-желектің саны 100-ден асады. Арнайы табиғатты қорғау полициясының көмегімен қарастыратын боламыз», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бас маманы Нұрлан Сейітбеков,
Жаппай ағаш отағандары үшін Жасыл экономика басқармасы тәртіп сақшылырымен бірге кінәлілерді жауапкершілікке тартпақ. Заңға сәйкес енді оларға әкімшілік айыппұл төлеп, кескен әр ағаштың орнына 10-ын отырғызуы керек. Ал экологтар жасыл желекті аяусыз кескендерге жазаны қатаңдатуды сұрайды. Сонда ғана тәртіп орнайды деп сенеді.
Жадыра Омаржан, Рамина Мирзалимова, Сагынтай Мунайтпасов, «Алматы» арнасы