Қарасу тұрғындары Алатау ауданы әкімдігінен жаңбырлы маусымға дейін жолды жөндеп беруді талап етті

almaty.tv
almaty.tv
Қарасу шағын ықшам ауданының тұрғындары біздің редакцияға хабарласқан еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жарық бағандары бар, бірақ жарық жоқ. Көше бойы толған шұңқырлар. Ал, судың дұрыс келмеуі – бөлек әңгіме. Қарасу шағын ықшам ауданының тұрғындары осы мәселелерді шешу үшін біздің редакцияға хабарласқан еді. Жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйткілдің мән-жайын білу мақсатында арна тілшілері Алатау ауданы әкімдігімен бірге барып, халықтың базынасын тыңдап қайтты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Ұзындығы 1 шақырым болатын Мичурин көшесінің қазіргі жай-күйі көпшілікті әбден әбігерге салған. Осыдан тура бір жыл бұрын мердігер ұйым бұл көшенің бойымен су құбырын және кәріз жүйесін жүргіземіз деп жасаған жұмыстың нәтижесінде, жолдың екі жақ беті ойық-ойық шұңқырға айналған. Қыс-күз айларында лай мен батпақтан, тіпті, аяқ алып жүру мүмкін емес дейді тұрғындар. Ал, қауіпсіздікті ойлаған көпшілік қазылған жерлердің бетін қолдарына түскен заттармен жауып тастаған.

Алатау ауданындағы бұл көшенің қазба жұмысы 2019 жылдың қараша айында басталған. Мұндағы әр үйде ескірген жеке кәріз жүйелері бар. Ал, оларды орталық жүйеге қосу – құрылыстың басты мақсаты. Бірақ шаруа аяқталмай, жолдың сиқы кеткен.  

Осындай олқылықтарға көңілі толмаған Қарасу шағын ықшам ауданының тұрғындары Алатау ауданы әкімдігінен жаңбырлы маусымға дейін жолды жөндеп беруді талап етіп отыр.

«Канализацияны елдер деген баяғыда қойғызып қойған. Бізге енді жүргізіп жатыр. Көшенің бәрін төңкеріп тастаған. Батпақ деген былай. Қызымды жұмысына шығарып салу үшін галош кием да осылай жаңбыр жауғанда, соны жұмысқа шығарып салып, галошын алып, үйге қайтып келем. Бұл не сұмдық?» – деді тұрғын Ләйлә Жахина.

Ал, шағын ауданда құрылыспен айналысып жатқан мердігер ұйым шаруаның созылу себебі – жаңа құбырларда ақаудың бар-жоғын тексеруге көп уақыт кетті дейді. Жоба 3 жылға жоспарланған. Десе де бұл көшеге бір жетінің ішінде асфальт төсеуді уәде етті.  

«Біз кәріз жүйесі мен су құбырын өткіздік. Оны біз өзіміз үшін бір тексеріп алдық. Енді кішкене уақыт өтті. Қазір осы аптаның ішінде асфальт Мичурин көшесінде түгел болады. Ал, қазір тек тазалау жұмыстарын жасап жатырмыз», – деді мердігер компанияның қызметкері Әнуарбек Махамбетов.

Сондай-ақ, Қарсасуда жарықтың жоқтығы көшеде жүріп-тұруға қиындық туғызған.

«Жарықтың тек қана бағанын қойып кетті. Болды, жоқ сосын. Жоқ, жарық жоқ. Мына кәрілерге жарық қойып, асфальтті кішкене тегістеп берсін де. Жұмыс жүріп жатыр, жартысына дейін бітті. Жартысындағы тесіктерге тас төгіп, кішкене реттеп, светті орнатып берсе, кемпір-шалдарымыз жүрсе», – деді тұрғын Сүлеймен Сәкенұлы.

Әсіресе, кеш-құрымда көліктердің дөңгегі жиі жарылып, қариялар мен балалар шұңқырға түсіп кеткен кездері де болыпты.

«Қыста қараңғы көшемен келе жатып, тасқа сүрініп, жарақат алғанмын. Енді, тағы да 1 апта бұрын тасқа шалындым ба, шұңқырға түсіп кеттім бе, білмеймін, тағы құладым. Аудан әкімдігі негізгі шаруа біткен соң, қосалқы жұмыс негізінде жарықтандыру мәселесін де қолға алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ауыз судың жиі өшуіне жаңа құбырдың салынуы себеп дейді мамандар», – деді тұрғын Надежда Проценко.

«Бұл Қарасу ықшам ауданындағы су ұңғымадан алынатын желілердің өзі ескірген. Көп жерде шіріген. Бір жерінен су жарылып, су ағатын болса, барлық скважинаны өшірмей жасау мүмкін емес. Сол себепті де бүгін жарылса, оны тоқтатпасаң болмайды. Өйткені біреудің үйін су басады. Біреудің ауласына су шығады. Сондықтан суды толықтай өшіруге тура келеді», – деді Алатау ауданы әкімдігі коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Есіров.

Су тапшылығын болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан орталық желілердің құрылысы келесі жылы аяқталады. Осылай Қарасу шағын ауданының су жүйесі «Алматы су» мекемесінің балансына өткен соң, құбырлар бірден іске қосылып, халық игілігіне берілмек.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров