Каранитнге жабылған «Асыл арман» тұрғын үй кешені аумағындағы барлық дәріханалар мен дүкендер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Тіпті, кейбір дүкендер пәтерге дейін жеткізіп беру қызметін іске қосуды ойластыруда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кету керек, аталған тұрғын үй кешенінде 21 үйде 22 мыңнан астам тұрғын бар. Қазіргі уақытта карантинге жабылған аумақты құқық қорғау органдары қоршап тұр.
«Қазір басқару компаниясы өкілдері кешен кешен ішіндегі барлық дүкендер мен дәріханаларды аралап мониторинг жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, мұнда супермаркет бар. Ол жаққа жергілікті басқару органымен бірлесіп 19 түрлі азық-түлікті жеткізу жұмыстары реттеліп жатыр. Және барлық дүкендерде баға саясаты бақылауда болады», – деді «Асыл арман» тұрғын үй кешенін басқару компаниясының орынбасары Шерхан ЕСІРКЕН.
Айта кету керек, кеше Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен COVID-19 инфекциясын жұқтырған екінші адам табылғандықтан, бүкіл тұрғын үй аумағы карантинге жабылған болатын. Ал, мұндағы алғашқы дерек 28 наурызда тіркелді. Тұрғын үй кешені аумағында дәрігерлік амбулатория ұйымдастырылып, медицина мамандары тұрғындардың денсаулығын қадағалайтын болады.