Сыныптастарының тепкісінен аман қалған 9 жасар бала ауруханадан бірақ шықты. Келеңсіз оқиға Алматы облысындағы орта мектептің бірінде болған. Ол туралы редакциямызға хабарласқан баланың анасы айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарасай ауданы Ұмтыл ауылдық округіндегі мектепте 4-сынып оқитын Жасұлан есімді баланы өз сыныптастары аяусыз соққыға жығыпты. Таяқ жеген бала болса, мектепке баруға батпай отыр. Болған оқиғаға байланысты мектеп әкімшілігі не дейді, жас бұзақыларға тиісті шара қолданылды ма?
Жамбыл Жабаев атындағы № 4 орта мектептің 4 сыныбында дәріс алатын екі оқушы сабақтан кейін сыныптасын аулаға шығарып көк ала қойдай сабаған көрінеді. Салдарынан таяқ жеген бала басынан жарақат алып, бір апта ауруханада төсек тартып қалды. Анасының айтуынша, дененің көгергені қайтқанымен, психологиялық жағдайы нашар. Бұдан былай оқушы мектепке мүлде барғым келмейді деп отыр.
«Мектепте 5-сабақта Мирас менің намысама тиетін сөздер айтып, мені мазақтады. Магазиннің артында тепті, шалып құлатты. Құлаған кезде ішім ауырды. Сосын көзімді жұмып қалдым. Сосын басымнан 3-4 рет тепті», – деді Ж. Жабаев атындағы №4 орта мектептің 4-сынып оқушысы.
Анасы оқиға болған күні тәртіп сақшыларына арыз түсірген. Жасұлан ауруханада жатқан күні мектеп әкімшілігі мен Мирастың әкесі келіп арызды қайтарып алуын сұрапты.
«Мирастың әкесі маған не істей аласыз, балама не істеп аласыз дейді. Мен сізге ештеңе істейін деп жатқаным жоқ, жай заң аясында шешілуі керек деп айттым. Сол кезде Айжан Қайратқызы келісіп, арызды қайтып алыңыз деді. Әйтпесе екіуіңіз де балаңыз төбелесті деп штраф төлейсіз деді маған. Мені қорқытып тұрғ ой иә», – деді Жасұланның анасы Салтанат АЛКЕНОВА.
Мән-жайды толық білмек болып, Жасұланның ата-анасымен бірге мектепке бардық. Оқу ордасының басшылығы балаға барлық көмек береміз деп уәде етті. Арызды қайтарып алу туралы ұсыныстарын да жоққа шығармады.
«Арызды қайтарып алу ол ата-ананың өтініші болды. Мирас деген баланың ата-анасы келді де айтты, менің баламды енді учетқа алады гой, өтініш жасап көріңізші деді. Иә, мен өтініш айттым», –деді Ж. Жабаев атындағы №4 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ.
«Мен баланың анасы Салтанатпен сөйлескенмін, сонда балаға қандай көмек керек бәрін көтереміз деп айтқанмын. Жоқ деп айтпаймыз, келісеміз деп айттым», – деді Ж. Жабаев атындағы №4 орта мектептің директоры Шолпан ОСПАНОВА.
Кішкентай балалардың төбелесі мектептен шамамаен 200 метр қашықтықта мына дүкеннің қасында болған. Осы жерден балаларды мектеп автобусы үйлеріне тасымалдау үшін алып кететін көрінеді. Сол ерегес болған күні Жасұланның сынып жетекшісі оларды шығарып салуға шықпай қалған.
Қазіргі таңда кішкентай бүлдіршіндердің төбелесі тәртіп сақшыларының бақылуында. Сараптамалар жүргізіліп жатыр. 9 жасар балалардың кінәсі дәлелденсе, әкімшілік құқықтық жаза қолданылмақ.
«Аталған факт бойынша, шағым түскен кезде Алматы қаласы бойынша Бостандық ауданы полиция басқармасымен қарастырылған болатын. Кейіннен оның аумақтылығына қарай Қарасай ауданынды полиция басқармасына жолданды. Қазір ол Қарасай аудандық полиция басқармасында қаралуда. Оның қорытындысы бойынша, заңнамаға сәйкес, тиісті шаралар қолданылады», – деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота ӘЗІРБЕК.
Дәрігердің айтуынша, науқас бала басынан қатты соққы алған. Мұның арты эпилепсия мен талма ауруы сынды қауіпті дертке шалдықтыруы ықтимал. Анасының қорқатыны да сол. Дәл қазір Жасұлан ерекше күтімде. Дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдау керек. 3 бала асырып отырған ана үшін қымбат дәрілерді сатып алып отыру да оңай емес.
Ұлағат Арғынұлы, Ғани ҚАЛУОВ, «Алматы» телеарнасы