Көлік жөндейтін орталықта жанып кеткен 12 көліктің шығыны толығымен өтелді. Ақсай ықшамауданында орналасқан ангарды жалға алушы кәсіпкер көлік иелеріне өтемін өз қалтасынан төлеген. Еске салайық, 27 қазанда түскі сағат 01.00 шамасында Әуезов ауданындағы көлік жөндейтін орталықта жарылыс болып, 9 көліктің түгі қалмай өртеніп кеткен еді. Арада екі ай өтсе де, алапат апатқа әлі де күнге дейін нүкте қойылмай келеді. Себеп неде? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын зерттеу жүргізді.
Сол күні болған қызыл жалыннан 9 көлік түгелдей жанып кетсе, сыртта тұрған 3-еуі зақымдалған. Олардың ең арзаны 2 млн болса, ең қымбаты 10 млн-нан асады. Көлік жөндейтін орталықты жалға алған кәсіпкер зардап шегушілердің әрқайсымен әр түрлі келістім дейді. Біріне 50 пайызын төлесе, енді біріне толық шығынын жапқанын айтты.
«Ол ангарды жалға алғанбыз басында. Ол кісілерге де рахметімізді айтамыз. Ол кісілер де біздің жағдайымызды түсініп, бізден ешқандай ақы алмады. Ол кісілерге рахмет», – деді кәсіпкер Ғалымжан Мәдиев.
Бақтыбай Сұлтанбаевтың орталыққа көлігінің тежегішін ауыстыруға алып келген темір тұлпарының құны 2 млн-нан асады. Оны да несиеге алыпты. Тұрақты жұмысы жоқ болғандықтан, қала арасында адам тасып, бала-шағасының нәпақасын сол көлікпен тауып жүрген. Жаңадан алған темір тұлпары көз алдында күлге айналған.
«Өткенде Toyota Previa көлігім жанып кеткенде, сол Ғалымжан деген жігітке жолыққан едім. Сол кезде 50 пайызын төлеп берді. Заңды жүзінде. Нотариус арқылы «шағымым жоқ» деген қағаз жазып берді. Рахмет ол жігітке, уәдесінде тұрды. 50 пайызын төлеп берем деді, төледі», – деді зардап шегуші Бақтыбай Сұлтанбаев.
Техникалық қызмет көрсететін нысан ішінде май құйылған бөшкелер болыпты. Оттың қызуымен солар жарылып, өрт лезде тұтанған. Алайда өрттің нақты себебі анықталған жоқ. Полиция департаменті зерттеу жұмыстары жүріп жатыр деді.
Көлік жөндейтін орталықтың өртенгеніне екі айға жуық уақыт болса да, бәрі сол бәз баяғы қалпында тұр. Қызыл жалынға оранған көліктің қаңқасы да қираған шатыры да ештеңе жиналмаған. Ангарды жалға алушы кәсіпкерлер бұл жердегі жұмысын толық тоқтатқан, тақырға отырғаннан кейін мүлде басқа салаға ауысыпты.
Ал, өртенген ангар көлік жөндейтін орталықтан бұрын спорт кешені болған дейді маңайдағы тұрғындар. Кәсіпкерлер оны 2018 жылы жалға алып біраз іс жүргізген. Енді ол жердің қалай түрленетіні белгісіз.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы