Алматы облысында медорталықтың қызметкері мүгедек жанды соққыға жыққан

Almaty.tv
Almaty.tv
Зардап шеккен тұрғынның туыстары кінәлінің жазаға тартылуын сұрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының тұрғыны мүгедек күйеуін соққыға жыққан медициналық орталықтың қызметкерін жазаға тартуды сұрайды. Оның айтуынша, қос бүйрегі істен шыққан жұбайын диализдік емге апарып, алып келетін емдеу орталығының жүргізушісі кеше түнде ұрып кеткен. Ал басы дауға қалған Талғардағы медициналық мекеменің басшылары қызметтік тексеріс жүргізілетінін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Қос бүйрегі істен шығып, Талғарға қан тазалауға барамын деген жапа шегуші кешегі кешті қорқынышпен еске алады. Өзін екі жыл бойы орталыққа апарып-алып келіп жүрген медициналық орталықтың жүргізушісі қатты ұрып тастады деп шағым айтып отыр. Науқастың сөзінше, ол жүргізуші бұған дейін де басқа науқастарға талай бейәдеп сөздер айтқан.

«Мен «Мақсат, есікті өзің жапшы» дедім. Өйткені менің есік жапқаным оған ұнамайды. Әрдайым жаман сөздер айтады. Бұл жолы да ауыр сөз айтты. Мен шыдамай, шапалақпен тартып жібердім. Сол-ақ екен, ол мені төпелеп, соққыға жығып салды», – дейді жапа шегуші Ғабит Қойшыбаев.

«Намысыма тиген жүргізушіні мен бірінші болып шапалақпен тартып жібердім» деген науқас, кешегі ауыр соққыдан соң әлі де өзіне келе алмай отырғанын айтады. Өйткені зіңгіттей жігіттің бірнеше соққысы басына тигенін айтып отыр.

«Қайын атамды қансыратып қақпа алдында қалдырып кетіпті» деген келіні медициналық орталықтың жүргізушісі бұған дейін де өзін дөрекі ұстайтын деп отыр. Ал дәл кешегі осы көшеде болған келеңсіз жайтты әлі қорқынышпен есіне алады.

«Әкемнің дауысы шығады. Мен не болып қалды деп артынан жүгіріп бардым. Ол уақытта ана кісі ұрып тастапты, әкем сөйлей алмай қиналып тұр екен», – дейді куәгер Гүлшат Мансұр.

Полицияға арыз берген жәбірленушінің отбасы аталмыш медициналық орталықтың қызметкерін заң бойынша жазаға тартуды сұрап отыр. Оның үстіне, ол орталыққа қан тазалау үшін мемлекеттік квотамен қаралып жүргендіктен, тәртіп орнаса екен дейді.

«Аталмыш іс Талғар аудандық Полиция басқармасында тіркеліп, тиісті тергеу амалдары жүрзіліп жатыр. Сонымен қатар жапа шегушіні сот алды медициналық тексерістен өткізіп жатырмыз. Қылмыс дәлелденсе, міндетті түрде шара қолданылады», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.

Ал басы дауға қалған медициналық орталық науқастарды тасымалдайтын жүргізушіні компания арқылы жалдадық деп ақталып отыр. Сонымен қатар, қазір ашып ешнәрсе айта алмайыз дейді. Өйткені әзірге қызметтік тексеріс жүріп жатыр екен.

«Біз ол жүргізушіден енді қайтып осы жұмысқа жалданбауын сұрадық. Екіншіден, егер ол жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, онда біз жүк тасмалдаушы компанияны ауыстыру бойынша шешім қабылдаймыз», – деді медицина орталығының директоры Еркебұлан Кәрібаев.

Мүгедек науқасты соққыға жықты деп айыпталған Мақсат есімді азамат жәбірленушілерден кешірім сұрамапты. Сәйкесінше, өзін кінәлі сезінбесе керек. Алайда істің мән-жайы тек толық тексерістен соң анықталмақ дейді тәртіп сақшылары.

 Әлібек Шынтемір, Әрсен Сандықбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров