«Бізге балалар ойын алаңы қажет емес». Осылай деп Түрксіб ауданының бір топ тұрғыны дабыл қағуда. Олардың сөзінше, сол жердегі тұрғындармен келіспей, жергілікті әкімдік балалар алаңын дәл үйдің алдына салуға бел буған екен. Енді жеміс ағаштары мен жасыл желегімізді жермен жексен ете ме деп қорыққан алматылықтар біздің арнаға хабарласқан болатын. Әкімдік не дейді? Қос тарапты әріптесім Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтты.
Сегіз пәтерлі үйде жеті зейнеткер мен екі мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Олар бос уақыттарын жасыл желек пен жеміс ағаштарының көлеңкесінде өткізеді. Ал, бір ғана оқушы тұратын бұл үйге балалар ойын алаңы қажет емес дейді тұрғындар.
Тұрғындар біздің рұқсатымызсыз құрылыс жұмыстарына дайындықты бастап кетті дейді. Кейін ағаштардың бәрі сүрілген уақытта жасы жеткен қариялар көлеңке таппай қиналамыз ба деп қорқады. Одан өзге тар жерді тамаша қылып, баласы жоқ аулаға ойын алаңы қажет емес деп отыр.
«Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бізге көрсеткен жоспар бойынша мына ағаштардың барлығы кесіледі екен. Онымен қомай қанша жылдан бері баптап келген гүлдерімізді де көз алдымызда жойып жібермекші. Біз ауланы абаттандыруға қарсы емеспіз. Тек, балалар алаңын үйдің артқы жағында бос жатқан жерге салса екен деген тілегіміз бар», – деді қала тұрғыны Татьяна РОМАНОВЕЦ.
Тұрғындардың талабын тыңдауға келген аудандық коммуналдық бөлімінің бас маманы, аулаға тек балалар алаңқайын салып қана қоймай, жарықтандыру, аула ішін асфальттау және бордюрларды ауыстыру сынды кешенді құрылыс жұмыстары жүреді дейді. Үй иелерінің барлық талап, тілектерін тыңдаған әкімдік өкілі ойын алаңын бос жатқан жерге салуды қарастырамыз деп сендірді.
«Балалар ойын алаңын басқа жерге ауыстырсақ дұрыс шешім болады деп санаймын. Себебі үйдің алдындағы инжинерлік желілер қиындық туғызады. Одан өзге тұрғындарға ауладағы заңсыз салынған қоршауларды алу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді», – деді Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Әнуар МҰСАЕВ.
Осылайша қос тарап ауызша келісімге келді. Айта кетейік, биыл аудан бойынша 100 аула толықтай жөнделсе, 115 аулаға жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы